Алматыдағы атыстан соң есін бірінші боп жиған полицей аман-есен ауруханадан шығарылды, - деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Алматыдағы атыстан соң есін бірінші боп жиған полицей аман-есен ауруханадан шығарылды, - деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Кеудесіне оқ тиіп жараланған Ұлан Қабылов өзін он күннен бері көрмеген бала-шағасын құшақтап, мауқын басты. Аяқтан тұрып, жүре алғанымен, тәртіп сақшысы әлі де біраз ем қабылдауы тиіс. Дегенмен, бір ажалдан аман қалған Қабылов келесі айдан бастап қызметіме қайта кірісемін деп отыр.
Жанардан асқан бақытты бүгін әйел жоқ. Күйеуінің тірі қалғанына қуанып, асты-үстіне түсіп жүр. Ұлан да келіншегінің көңіліне қарап, күлімдеуге тырысқан. Дегенмен, қаруластарының қазасы қабырғасын қайыстырғаны көрініп тұр.
"Қызметкерлердің жанұясына көңіл айтамын. Және де осы емханада ем қабылдап жатқан қызметкерлеріме де аман есен менің жолымды беріп, айығып жанұясына оралсын!", - дейді Алматы қалалық ІІД ЖПБ взвод командирі Ұлан Қабылов.
Бірінші сөзін әріптестері жайлы айтып бастаған командир бір апта бойы өмір үшін күресті. Лаңкес оның кеудесіне оқ атқан.
"Түскен кезде жағдайы ауыр болды. Науқас шок жағдайында түсті. Жедел түрде операция жасалып іш құрылысына, жарақаты тігіліп, қаны тоқтатылып, бәрі жақсы өтті. Тез көмектесуге тырыстық", - деді хирург Нұрғали Әуелов.
Ұланның ағзасы мықты болып шықты дейді дәрігерлер. Дегенмен, әлі де бірталай ем керек. Оны үйге жіберуге ақ халаттылар бірауыздан шешім қабылдапты. Мұны естуі мұң екен, жары жанынан бір елі ұзамай, ауруханадан шыққанша қол ұстасып жүрді.
"Бәріміз есеңгіреп қалдық.Менің басымнан өткенді ешқандай әйелге салмасын. Азаматымды құдай сақтады. Бүгін үйге қайтамыз. Бес баламыз бізді асыға тосып отыр", - деді Ұлан Қабыловтың жары Жанар Райымбекова.
Қандықол қылмыскермен қақтығыста қашпаған Қабыловты жора-жолдастары аурухана аузынан күтіп алды. Құшақтасып, мауқын басты. Одан соң полицей өзін он күннен бері көрмеген 4 бірдей ұлы мен кішкентай қызына асықты. Қалалық ауруханада жаралы әлі төрт адам бар. Үшеуі әлі де ауыр жағдайда, ал біреуінің халі орташа. (Дереккөз: КТК)
Еске салайық, 18 шілдеде Алматыда террористік акт болған еді. Белгісіз ер адам Алмалы аудандық ІІБ мен ҰҚК департаментіне қарулы шабуыл жасады. Оқиға салдарынан бес адам, оның ішінде үш полиция қызметкері қаза тапты. Қалада террорлық қатердің қызыл деңгейі жарияланды. Қылмыскер ұсталды,ол бұрын істі болған Қызылорда облысының тумасы Руслан Күлікбаев болып шықты.
Осыған дейін ІІД тергеу жұмыстары барысында18 шілдеде полицейлерді өлтірді деген күдікке ілінген Руслан Күлекбаевтің жалдамалы пәтерді анықтаған болатын. Полицейлер пәтерде адам өміріне қауіпті заттардың бар-жоғын тексеріп шықты. Алайда, полицейлер пәтерді тінту кезінде қауіпті заттарды таппады.