Алматыда пәтерін жалға беріп, кейін тексеруге келген үй иесін төңкерілген жиһаз, сынған ыдыс-аяқ және қабырға мен едендегі қан іздері үрейлендірді. Полицейлер тексеріс жүргізіп, пәтерде не болғанын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Не болған?
Желіде пәтердің видеосы жарияланды. Кадрларда үй ішінде қырғын болғандай көрініс байқалады: жиһаздар төңкерілген, ал қабырғалар, еден, есіктер мен басқа да интерьер заттары қанға боялған.
Жазбада бұл жалға берілген пәтер екені айтылады.
Полиция пікірі
Алматы Полиция департаменті Tengrinews.kz сауалына жауап бере отырып, пәтерде ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасалмағанын мәлімдеді.
"Оқиға Бостандық ауданындағы пәтерлердің бірінде болғаны анықталды. Тұрғын үйде апалы-сіңілі қыздар болған. Сынған шыны бөтелке біреуінің аяғын кесіп кеткен. Оқиға орнындағы қанды іздердің көп болуы дәл осы жарақатқа байланысты", - деп хабарлады ведомство.
Сондай-ақ полиция өкілдері олармен профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін айтты.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!