Алматыға трамвайларды қайтару жоспарланып отыр. "Алматыбасжоспар" ҒЗИ бас директоры Асхат Садуов бағыттарды атады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Алматыдағы SHARE Халықаралық архитектуралық форумында Асхат Садуов қалада трамвайлар қайта пайда болатынын мәлімдеді.
"Трамвай "Барлықтан" Төле би көшесі бойымен жүреді. Бұрынғы жолында. Біз оны әуежай бағытына дейін созамыз, осылайша батыс пен шығысты байланыстырамыз.
Біздің мақсатымыз – адамдардың 20 минут ішінде жүріп-тұруына мүмкіндік беру. Бұл әлемдік тәжірибе және ақылға қонымды шешім", – деді ол.
Қазір жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп жатыр. Садуовтың айтуынша, іске асыру мерзімі келісімшарт форматына және қаржыландыру көздеріне байланысты болады.
"Егер бұл EPC+F (жобалау, құрылыс және қаржыландыру) болса, онда бес жыл ішінде трамвайды іске қоса аламыз. Құрылыс неғұрлым ұзаққа созылса, соғұрлым қымбат болады, сондықтан инвесторларды тарту үнемдеуге мүмкіндік береді", - деді ол.
Айта кетейік, Алматыда трамвайлар 2015 жылғы бірқатар апаттардан кейін жүрмей қалды. 21 қыркүйекте Шевченко мен Масанчи көшелерінің қиылысында вагонның тежегіші істен шығып, 17 көлікті соқты, бес адам зардап шекті. Үш аптадан соң осындай апат Сейфуллин – Мақатаев көшелерінде болды: трамвай 14 көлікке соғылып, төрт адам жарақат алды. Осыдан кейін қала тұрғындары трамвайдан қорқатын болды және олардың қозғалысы тоқтатылды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!