Алматылық 600 оқушы Желіде суицид жайлы топтарға тіркелген болып шықты - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Алматылық 600 оқушы Желіде суицид жайлы топтарға тіркелген болып шықты - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Былтыр суицид жағдайларымен жұмыс істеу барысында суицид жайлы 6 танымал топ анықталды. Алматыдан ол топтарға шамамен 600 адам тіркелген - мектеп жасындағы балалар. Біз олардың аты-жөнін анықтау мақсатында сауалнамаларын қала мектептеріне жолдадық. Әрине, ата-аналар балаларының ол топтарға кездейсоқ кіргенін айтып отыр. Бірақ психологтардың арқасында осы балалармен қосымша жұмыс жүргізілді", - деді Алматы қалалық Білім басқармасы жаңа технологиялар орталығының директоры Андрей Дупик.
Директордың айтуынша, олар әлеуметтік желілерді бақылап отырады.
"Осындай топтарды көріп қалған кезде топтағы адамдарды анықтауға тырысамыз. Сол топтың сілтемесін прокуратура мен Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне жолдаймыз. Былтыр "Синий кит" тобы бұғатталған еді. Ал өткен аптада "Уроды Алматы" тобы бұғатталды", - деді Андрей Дупик.
Еске сала кетейік, осыған дейін Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігі, Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінің талаптарымен "ВКонтакте" желісіндегі "Уроды Алматы" тобының бұғатталғаны хабарланған болатын.