Әлеуметтік желілерде Алматыда көлік жүргізушісі жол ережесін өрскел бұзып, қауіпті әрекет жасаған видео пайда болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Видеода жүргізуші ҮАААЖ тасжолында қарсы бағыттағы жолақпен жүріп, көліктердің арасынан маневр жасағаны көрінеді. Видеоны жүргізушінің өзі жариялап, оған: "Кейде ереже бұзамын" деген сипаттама қалдырған.
Алматы Полиция департаменті бұл оқиғаның назарға алынғанын растады.
"Қазіргі уақытта бұл дерек бойынша жергілікті полиция қызметі тексеріс жүргізіп жатыр. Жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, басқа қатысушылардың өміріне қауіп төндірген құқықбұзушы міндетті түрде анықталып, заңға сәйкес жауапкершілікке тартылады", – деп мәлімдеді ведомство.
Полиция заң мен тәртіп қағидатын сақтаудың маңыздылығын еске салып, барлық жүргізушілерді жол ережелерін қатаң сақтауға шақырды.
Ал әлеуметтік желі қолданушылары құқықбұзушының әрекетіне наразы болып, оны қатаң жазалауды талап етті.
"Міндетті түрде жүргізуші куәлігінен айыру керек", "Ол неге әлі бостандықта жүр? Бұл — айналаға әдейі зиян келтіру ғой",
"Мұндайларды куәлігінен айыру керек", – деген пікірлер жазылған.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!