Алматылықтар бір күнде 49 литр қан тапсырды. 18 шілдеде Алматыда болған қайғылы оқиғадан кейін қалалық қан орталығына жалпы саны 221 азамат келген, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Алматылықтар бір күнде 49 литр қан тапсырды. 18 шілдеде Алматыда болған қайғылы оқиғадан кейін қалалық қан орталығына жалпы саны 221 азамат келген, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Сонымен қатар, 19 шілдеде таңертеңнен бері 30-дан аса адам ерікті түрде қан тапсыруға келген. Орталық қызметкерлерінің айтуынша, бір адам шамамен 450 миллилитр қан тапсыра алады.
Ертеректе, тұрғындармен қала қонақтарына атыстан кейін зардап шеккендерге көмек ретінде қан тапсыруға шақырған. Қызметкерлердің айтуынша, орталықта қан тапшылығы жоқ, алайда ол еш уақытта артық болмайды. Орталық таңғы 9-дан бастап жұмыс жасайды. Кез келген ерікті жеке куәлігімен келіп, қан тапсыра алады. Айта кетейік, қалалық қан орталығы Бұқар Жырау 47 мекен-жайы бойынша орналасқан.
Еске салайық, 18 шілдеде Алматыдағы Алмалы аудандық ІІБ және ҰҚКД ғимараттарына шабуыл жасалды. Қазіргі уақытта Алматыда "Жедел ұстау" арнайы жоспары жарияланды. Осы орайда полицейлер тұрғындарға үйлерінен шықпауды өтінген. Қаладағы барлық қару-жарақ сататын дүкендер жабылған. Үш полиция қызметкері, бір шекарашы және бір бейбіт тұрғын қаза тапқан. Сонымен қатар, Алматыда террорлық қауіптің "қызыл деңгейі" жарияланып, кейін бұл режим алып тасталды. Терроризмге қарсы күрес жөніндегі жедел штабтың өкілдері қаладағы шабуылдарды бір ғана адамның жасағанын мәлімдеді. Сондай-ақ, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің жиынында кеше Алматыда болған атысты теракт деп атаған болатын.
Алматыда болған оқиғаға байланысты әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы көптеген қауесет таралды. Мысалы "Жұлдыз" ықшамауданында және Қапшағайдағы әскери бөлімге шабуыл жасалды деген ақпараттар расталмады. Осы орайда, Президент дүрбелең туғызатын қауесеттердің жолын кесіп, арандатушыларды анықтауды тапсырды.
Сондай-ақ, алматылық атқыштың терактіге дейін адам өлтіргендігі анықталды. ІІМ басшысының айтуынша, күдікті жезөкшені өлтірген. Бұрындары екі рет сотталған 1990 жылғы Руслан Күлікбаев құқық қорғау органдарының қызметкерлерінен кек алғысы келген.
Терактіден қаза тапқандардың отбасына 15 миллион теңгеден, ал зардап шеккендердің отбасына бес миллион теңгеден берілетін болды. Алматыда болған антитеррористік операцияның хронологиясын мына жерден оқи аласыз.