Алматы тұрғындары жеке тұрғын үй құрылысына 10 сотық жер алуға өтініш беру үшін Алатау аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығының алдына кезекке тұрды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Алматы тұрғындары жеке тұрғын үй құрылысына 10 сотық жер алуға өтініш беру үшін Алатау аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығының алдына кезекке тұрды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Алатау ауданының әкімі Бағдат Манзоровтың айтуынша, ХҚКО алдындағы ажиотаж үш күннен бері жалғасып жатыр. Әкім осы уақыт аралығында Алатау аудандық ХҚКО-ға 4,5 мыңға жуық өтініш келіп түскенін мәлімдеді. "Таңертең адам көп болды, барлығы жер алуға өтініш беріп жатыр. Қазір жағдай тұрақтанды. Бүгін шамамен 600, кеше 2400, алдыңғы күні 1700 өтініш түсті", - деді Манзоров.
Алатау ауданы әкімінің айтуынша, қазір Алматыда бос жер жоқ. "Алматыда бос жатқан жер учаскесі жоқ. Мұны жер комиссиясы шешеді. Адамдар Алатау ауданында жер бар дегенді естіп алып, осында келіп жатыр. Бізге облыстан берілген жердің барлығы жекеменшікке өтті, онда шаруа қожалықтары бар", - деді Бағдат Манзоров. Сонымен қатар, ол өтініш жазғандардың жауапты заң бойынша 45 күн ішінде алатынын айтты.
Айта кетейік, Жер кодексіне сәйкес Қазақстан азаматтары 10 сотық жерді тегін ала алады. Қазіргі уақытта Алматыда 112,5 мың адам тегін жер алуға кезекте тұр екен.