Карантин кезінде алматылық жастар Көк-Жайлау шатқалында сауық кешін ұйымдастырған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Карантин кезінде алматылық жастар Көк-Жайлау шатқалында сауық кешін ұйымдастырған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Олардың бұл әрекеті эко белсенділердің ашуына тиді. Тіпті жастар шектеуге қарамастан жол талғамайтын көлікпен шатқалдың жоғарғы бөлігіне көтерілген. Олар болған жайтты әлеуметтік желіде жариялап отырған.
Желідегі суреттерден жастардың тауда демалғысы келгенін көруге болады. Жастар тауда 10-нан аса шатыр орнатып, кино көруге мүмкіндік беретін жабдық алып келіпті.
Facebook желісінің Dina July есімді қолданушысы алматылықтардың бұл әрекетіне шағым түсірді.
"Олар кішкене шұңқыр қазып, қоқыстарды соған тастап, үстін тастармен жаба салған. Бұл аумақта көлікпен жүргені ашуыма тиді. Мұнда оған тыйым салынған. Ол Іле Алатауы ұлттық паркіндегі эко посттан және шлагбаумнан қалай өткен? Бұған әкімдік пен ұлттық саябақтың басшылығы рұқсат беріп, мақұлдады ма?", - деп жазды желі қолданушысы.
Желіде тараған ақпаратқа сәйкес, бұл оқиға 23-24 мамыр аралығында болыпты. Кейбір қала тұрғындары тауға көтерілген. Олар ондағы жағдайды көріп, жағалары ұстапты.
"Бұл шыдамымның соңғы шегі еді. Бүгін қорқынышты жағдайға куә болдым. Тауға көтеріліп жүргеніме 6 жыл болды. Бірақ мұндайды алғаш рет көріп тұрмын. Мұндай қоқыстың қалдықтары қоқыс полигонында жоқ шығар. Арақ пен сыраның бөтелкелері, тәрелкелер, қасықтар, саптыаяқтар және тағы басқа қоқыс қалған. Көк-Жайлау - туристердің сүйікті орны. Бірақ сендер екі күннің ішінде табиғатқа орны толмас зиян келтіріп отырсыңдар. Қоқыс барлық жерде жатты", - деп жазды nuryk_tri есімді қолданушы Instagram желісінде.
Kazakh Tourism ұлттық компаниясы басқарма төрағасының міндетін атқарушы Ержан Еркінбаев та болған жағдайға қатысты пікір білдірді.
"Жігіттер, ұйымдастырушылар, ойларың дұрыс, жарайсыңдар! Бірақ сендер Көк-Жайлауда қоқысты қалдырып кеттіңдер ме? Қазір карантин кезеңі ғой? Бұқаралық іс-шараларға тыйым салынып отыр? Ол жаққа көлікпен баруға кім рұқсат берді? Кино көрген үшін ақша алған екенсіңдер, ұлттық саябақпен келісіп, ерекше қорғалатын табиғи аумақта шлагбаумды ашқызып, джиппен барыпсыңдар. Бірақ көлікпен неге қоқысты алып кетпедіңдер? Адамдар не жазып жатқанын қарасаңдаршы", - деді Ержан Еркінбаев.