Алматының ірі ЖОО-ларында қалдықтарды бөлек жинау жобасы жүзеге асырылып жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Алматының ірі ЖОО-ларында қалдықтарды бөлек жинау жобасы жүзеге асырылып жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Алматы қаласында қалдықтарды бөлек жинау және қайта өңдеу бойынша ауқымды жоба іске асырылды. Оңтүстік астананың ірі жоғары оқу орындарында PlastNet пластик қалдықтарын жинау және қайта өңдеу кәсіпорындары желісінің бастамасымен "Қалдықтарды сұрыпта - бізде өзге планета жоқ" жобасы іске асырылуда. Жоба пластикалық және басқа да құнды қалдықтарды жинау және қайта өңдеу үлесін ұлғайтуға, сондай-ақ жастар арасында саналы экологиялық ұстанымды қалыптастыруға бағытталған. Бұл туралы бүгін арнайы баспасөз мәслихатында жарияланды.
Жобаның бастамашылары қалдықтарды бөлек жинау мүмкін және қарапайым екенін көрсетуге, сондай-ақ оны қалай дұрыс жасау керектігін нақты көрсетуге ниетті. Үш ай бойы Алматы технологиялық университетінің, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық институтының және Алматы энергетика және байланыс институтының оқу ғимараттарында пластик, қағаз қалдығы, сондай-ақ алюминий мен шыны қалдықтарын бөлек жинау белсенді түрде жүргізілуде.
ЖОО-лардың аумағында қайталама шикізат пен қайта өңделмейтін қалдықтарды бөлек жинауға арналған 258 мамандандырылған эко-бокс, сондай-ақ екі тілде басып шығарылған қалдықтарды бөлек жинау қағидаттары туралы ақпараттық материалдары бар стендтер орнатылды. Plastnet желісіндегі "Қалдықтарды сұрыпта - бізде өзге планета жоқ" жобасын ұйымдастырушылар жүйенің инфрақұрылымына жауапты студенттер мен техникалық қызметкерлер үшін қалдықтарды бөлек жинау ережелеріне оқыту өткізді. Сондай-ақ жобаға қатысатын жоғары оқу орындарының жанынан студенттер мен оқытушылар қатысқан эко-клубтар құрылды. Үш айда жоғары оқу орындарында 1150 кг қайталама шикізат жиналды. Эко-клуб мүшелері Дүниежүзілік тазалық күніне арналған сенбілікке қатысты. Сенбілік барысында жиналған 40 килограмнан астам пластик қалдықтары қазақстандық мамандандырылған компанияларға одан әрі қайта өңдеуге жіберілді.
Контейнерлер толған кезде жиналған пластик қалдықтары мамандандырылған базаға әкетіледі, онда олар таңбалауға сәйкес әрі қарай сұрыпталады, престеледі және отандық кәсіпорындарға, оның ішінде "Green Technology Industries" ПЭТ пластикті қайта өңдеу зауытына, "Kagazy Recycling" қағаз қалдығын картоға қайта өңдеу зауытына және "Karina Trading" қағаз қалдығын дәретхана қағазына қайта өңдеу зауытына одан әрі қайта өңдеуге жіберіледі. Қалдықтарды бөлек жинау жүйесінде тек пластик қалдықтарына ғана емес, сонымен қатар алюминий мен шыны қалдықтарына да назар аударылады, бірақ көлемі бойынша пластик пен қағаз қалдықтары басым болып тұр.
Қалдықтарды бөлек жинауға дұрыс көзқарасты қалыптастыру үшін дәйектілік пен тәртіп маңызды, ал экологиялық білім берудің саналы тәсілі мен негіздерін ересек өмірдегі жауапты мінез-құлықтың негізі ретінде адамның жас кезінде қалыптастырған жөн деген пікірді ұстанады жобаны ұйымдастырушы пластмасса жинайтын және қайта өңдейтін PlastNet кәсіпорындар желісі.
АЭжБУ ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры, Алмас Саухимов бөлек жинау идеясын ынтамен қабылдаған студенттер тарапынан жобаға мұндай қызығушылықты күтпегенін айтады.
"Менің ойымша, бұл қызығушылықтың басты себебі - "Қалдықтарды сұрыпта - бізде өзге планета жоқ" жобасы - бұл нақты, жұмыс істейтін бастама. Жаңа білім мен әдеттер студенттерге оқуға көмектеседі - біздің университетте инженерлік экология және еңбек қауіпсіздігі кафедрасы жұмыс істейді және онда оқитын студенттер қоршаған ортаға дұрыс күтім жасай алады. Сондай-ақ, техникалық персонал тарапынан жобаның қолдауын атап өткім келеді, бұл қалдықтарды қосымша сұрыптаумен тікелей айналысатын адамдар. Олар пайдалы лайфхактарды үйреніп қана қоймай, қазір оларды өз жұмысында тиімді қолданады, мысалы, пластик пакеттер мен экобокс қораптарын қайта пайдаланады", - дейді АЭжБУ ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры, PhD, Алмас Саухимов.
Жобаға ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Алматы қаласы бойынша экология департаментінің өкілдері белсенді қолдау көрсетті. Әзірге "Қалдықтарды сұрыпта - бізде өзге планета жоқ" жобасы пилоттық форматта жүзеге асырылуда, бірақ Департамент өкілдері бастама пилоттық шеңберден шығып, қалдықтарды бөлек жинау Қазақстанның барлық жоғары оқу орындарының күнделікті өмір салтына айналады деп сенеді.
"Біз "Қалдықтарды сұрыпта - бізде өзге планета жоқ" бастамасын қолдаймыз және бұл жобаның республикалық бастамаға айналуға барлық мүмкіндігі бар деп санаймыз. Ол нағыз жұмыс істейтін және шынайы жоба: жиналған шикізат қайта өңдеу зауыттарына жіберіледі және одан күнделікті өмірде қажетті заттарды шығарады. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, қайта өңделген пластиктен киім, жиһаз, кеңсе тауарлары, ойын алаңдарына арналған жабдықтар шығаруға, тіпті автомобиль жолдарын салуға болады. Қазақстанда пластикті қайта өңдеу индустриясы әлі Еуропадағыдай дамымаған, бірақ егер адамдар жас кезінен бастап экологиялық мінез-құлықтың дұрыс дағдыларын игерсе, жағдай өзгеруі мүмкін. Мұндай жобалар бұған жақсы көмектеседі, - деп санайды Алматы қаласы бойынша экология департаменті жанындағы Алматы қаласы жастарының экологиялық бастамалары кеңесінің төрағасы Әділ Нұрпейісов.
Бағдарламаға қатысу ниетін Астана, Қарағанды жоғары оқу орындарының өкілдері білдірді, сондай-ақ Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде қалдықтарды бөлек жинау бойынша алғашқы қадамдар жасалған. Жобаны ұйымдастырушылар тек оқу орындарында ғана емес, жеке компанияларда да қалдықтарды бөлек жинау бойынша бастамаларды белсенді түрде енгізуде.
Қалдықтарды бөлек жинауға қатысты саналы мінез-құлықты қалыптастыру қажеттілігі туралы жобаның инфрақұрылымы қаржылық қолдауымен құрылған қаптамадағы ірі халықаралық сусын өндірушінің қайырымдылық қорының өкілдері де айтады.
"Біздің компания жұмыс істейтін аймақтар тұрғындарының экологиялық және экономикалық әл-ауқатын жақсартуға бағытталған тұрақты даму бағдарламаларын қолдайды және "Қалдықтарды сұрыпта - бізде өзге планета жоқ" жобасы осы критерийлерге толық сәйкес келеді. Бір жағынан, ол жас ұрпақ өкілдерінің экологиялық санасын қалыптастырады, ал екінші жағынан пластикті қайта өңдеу кәсіпорындарының қызметін ынталандыру арқылы экономиканың дамуына ықпал етеді", - деп қордың өкілі Александра Аккерман атап өтті.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!