"Алтын адамның" сүйектерінің үлгісі Дания мемлекетіне сараптамаға жіберілді. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне "Есік" қорық-музейінің директоры Гүлмира Мұхтарова хабарлады.
"Алтын адамның" сүйектерінің үлгісі Дания мемлекетіне сараптамаға жіберілді. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне "Есік" қорық-музейінің директоры Гүлмира Мұхтарова хабарлады.
Оның айтуынша, музей Дания мемлекетіндегі мамандармен келісіп қойды. Олар Қазақстанда зерттеулер жүргізіп, "Алтын адамның" сүйектерінің үлгісін ДНҚ сараптамасына алып кетті. "Бізде олармен бірге жұмыс істеу туралы келісімшарт бар, барлығы ресми түрде. (...) Сараптама "Алтын адамның" жынысын, жасын, кім болғанын, неден қаза болғанын, оның түпкі ата-тегін анықтау үшін жасалып отыр", - деді сұхбаттасушы.
Сараптаманың нәтижелері қашан шығатыны белгісіз. "Мен олардың жұмысты бастағанын білемін. Сарапшылардың айтуынша, бұл күрделі процесс. Сүйектері нашар сақталған", - деп нақтылады Мұхтарова. Директордың айтуынша, Даниядағы мамандар сараптаманың нәтижелерін Қазақстанға өздері таныстырады. "Олар сараптаманың нәтижелерін көрсету үшін Қазақстанға ресми түрде келмекші. Бірақ біз қазір бұл туралы асығып отырған жоқпыз", - деп түсіндірді Мұхтарова. Қазір "Алтын адамның" сүйектерінің басым бөлігі "Есік" қорық-музейінде тұр.