Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ресми өкілі Данияр Биғайдаров "Восточка" тұрғын үй кешенінің құрылысына қатысты іске байланысты жаңа мәліметтерді жариялады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Атап айтқанда, ол Антикордың Гүлмира Сатыбалдының осы іске қатыстылығын тергеп жатқанын растады.
"Агенттік "Востока" көпфункционалды тұрғын үй кешенін салу кезіндегі заңсыз әрекеттер дерегі бойынша Гүлмира Сатыбалды мен басқа да адамдарға қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр", - деді Антикордың ресми өкілі Астанада өткен брифингте.
Еске салайық, "Восточка" тұрғын үй кешеніне кіретін 24 үйдің құрылысына байланысты эпизод Гүлмира Сатыбалды ісі бойынша былтыр маусымда қаралған болатын. Ол кезде бұл үйлердің "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында "Самұрық-Қазынамен" келісімшарт негізінде BAUR Development Group компаниялар тобына кіретін бір компания арқылы салынғаны айтылған еді.
Сот ісі бойынша куәгерлердің бірі – Baur Kazakhstan құрылыс компаниялар тобының басшысы Бахыт Кабеновтың айтуынша, жобаға 7,8 миллиард теңге көлеміндегі банк кепілдігін "ВТБ Банк" берген. Алайда, куәгердің мәліметінше, бизнестің екінші тең иесі Абай Жүнісов үйқамаққа алынғаннан кейін, Гүлмира Сатыбалды кенеттен жобаны қаржыландыруға көмектескен банкті ауыстырған.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!