Антикор өкілі Арғын Нығматулинге қатысты іздестіру жұмыстарының егжей-тегжейін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Антикор өкілі Данияр Биғайдаровтың айтуынша, Арғын Нығматулинге қатысты қылмыстық іс 2024 жылдың 7 желтоқсанында Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 186-бабы бойынша Бас прокуратура өндірісіне берілген.
"Сондықтан тергеуге қатысты пікір білдіре алмаймыз. Бірақ Әкімшілік іс жүргізу кодексінің 65-бабы 1-бөлігіне сәйкес, оның іздестіру шаралары біздің құзыретімізде екенін атап өткім келеді. Іздестіру жұмыстарын Антикор жүргізіп жатыр. Іздеу жалғасып жатыр, алайда қосымша мәліметті жариялай алмаймыз. Бұл жасырынуға әсер етуі мүмкін", – деді Биғайдаров Антикордағы брифингте.
Сонымен қатар, Антикор өкілі Арғын Нығматулиннің Қазақстаннан тыс жерде болуы мүмкін екенін жоққа шығармады, себебі ол халықаралық іздеуге жарияланған.
Еске сала кетейік, бұған дейін Бас прокуратура Арғын Нығматулин мен басқа да тұлғаларға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы ("Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу") бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлаған болатын. Сот шешімімен Нығматулинге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды, оған іздеу жарияланды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!