Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов Арал ауданына жұмыс сапарымен барып, өндірістік және әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысып, аудан тұрғындарымен кездесті, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі.
Аймақ басшысы аудан орталығы Арал қаласындағы Арал балық өңдеу зауытына барды, жергілікті табиғат пайдаланушылармен кездесті. Кәсіпорын балық өнімдерін (мұздатылған және кептірілген балық, балық филесі мен стейк, балық фаршы және т.б.) өндірумен, қайта өңдеумен және сатумен айналысады. Өнімдері Ресей, Польша, Голландия, Германия және Австрияға экспортталады. Аталмыш кәсіпорында 40 жұмыс орны құрылған, маусымдық кезеңде 100 адамға дейін жұмыспен қамтиды. Зауыт Оңтүстік Кореялық технология бойынша салынған, жылына 6 мың тонна өнім өндіреді.
Сондай-ақ, облыс әкімі 6 баланы тәрбиелеп отырған көп балалы ана Диана Шүйіншалиеваның үйіне барды. Ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап Диана ай сайын 154 739 теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек алуда. Ол көп балалы отбасыларға қолдау көрсеткені үшін мемлекет және облыс басшылығына алғысын білдірді.
Бұдан әрі облыс әкімі невропатология, психология, дефектология және массаж терапиясы бойынша қызмет көрсететін "Қуаныш" жеке медициналық орталығының ашылу салтанатына қатысты. Орталықта мүмкіндігі шектеулі балаларды қайырымдылық негізде тегін емдеу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, Шижаға елдімекенінде 100 орындық клуб ашылды, оның құрылысы 2018 жылдың қараша айында басталған еді. Аймақ басшысы тұрғындарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, ауыл ақсақалдарымен сұхбаттасты.
"Осыдан бірер жыл бұрын осы ауылдың тұрғыны, халық жанашыры, қоғамдық кеңес төрағасы Нұралы Алманов ағамыз сол кездегі облыс әкімі Қырымбек Елеуұлына тұрғындар өтінішін жеткізген еді. Міне, бүгін соның нәтижесі - ел игілігіне жаңа ғимарат берілмек. Заманауи мәдениет үйі баршамызға құтты болсын! Бұл жерде талай өнерлі жас тәрбиеленіп, Сыр өңірінің сырлы сазын әлемге таныта береді деген ойдамын", - деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ, ауыл тұрғындарын елдімекеннің қоғамдық кеңесінің төрағасы Нұралы Алманов құттықтады.
Одан әрі Қуанышбек Досмайылұлы Сексеуіл кентінде "Алтын" сауда үйінің ашылу рәсіміне қатысты. Нысан кәсіпкердің несиеге алған қаржысы мен жеке қаражатына салынған, мұнда 9 адам жұмысқа тартылған.
Содан соң аймақ басшысы Сексеуіл кентіндегі "Қамқор" Локомотив жөндеу депосында және "Алма-Рай" балабақшасында болды. "Қамқор" депосында 2 жөндеу цехы, 1 шаруашылық пен 15 қосалқы цех жұмыс істейді, олар жолаушылар, жүк және маневрлік тепловоздарға техникалық қызмет көрсетеді.
2016 жылы салынған "Алма-Рай" жекеменшік балабақшасының ғимаратында 22 жатын бөлме, ойын бөлмелері, медпункт, асхана және конференц-зал бар, мұнда 38 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Облыс басшысы Жақсықылыш кентінде жылына 450 мың тонна азық-түлік және техникалық тұз өндіретін "Аралтұз" АҚ жұмысымен танысты. Кәсіпорында озық испандық технология бойынша жұмыс істейтін 2 цех, барлығы 1200 адам қызмет атқарады. Зауыт өнімдері жергілікті нарықта сатылады және жақын-алыс шет елдерге экспортталуда.
Қаратерең ауылдық округінде облыс әкімі "Zhalgasbai" ЖШС балық қабылдау және мұздату цехының ашылу рәсіміне қатысты. Нысанның жылдық қуаттылығы 1000 тонна балық өнімін құрайды, кәсіпорында 10 адам жұмыс істеуде, маусымдық кезеңде 25 адамға дейін жұмысқа орналастыру жоспарлануда.