Құқық қорғау органдары Алматыдағы Ардагерлер үйін тексеруді жалғастырып жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Әуезов аудандық прокуратурасына сілтеме жасап. Ардагерлер үйі басшыларының мекеме мүлкін заңсыз иемденіп алу дерегі тексеріліп жатыр. Шығын 4,5 млн теңгеге бағаланған.

Прокуратураның "Алаяқтық" бабымен қозғаған ісі бойынша бұрынғы директор Сәуле Ахмадиева бес жылға сотталған. Оның ұлы үш жылға шартты түрде сотталды, Ардагерлер үйінің заңгері мен нотариусы да айыпты деп танылғанымен, "қылмыстық жауапкершілікке тарту мерзімінің өтіп кетуіне" байланысты жазадан босатылды.
Еске сала кетейік, экс-директор өзінің ұлының, заңгер мен нотаруистың көмегімен зейнеткердің пәтерін иемденіп алған. Олар сату-сатып алу туралы жалған келісімшарт рәсімдеп, пәтерге иелік ету құжаттарын жасаған. Пәтер зейнеткердің қайтыс боларынан бір күн бұрын - 2012 жылдың 10 шілдесінде "қайта рәсімделген".
Ведомство өкілдері осы бап бойынша тағы үш қылмыстық істің қозғалғанын хабарлады. "Алматы Ардагерлер үйінің басшылығы "мекемеге орналастырамын" деген желеумен жалғызілікті зейнеткерлердің пәтерін сатудан түскен қаржыны заңсыз иеленіп отырған, ал ҚР заңнамасы бойынша мемлекет қарияларды мекемеге тегін орналастыруды қамтамасыз етеді", - дейді прокуратура өкілдері. Бұл істер бойынша мекеме директорының бұрынғы орынбасары тұтқынға алынған. Еске сала кетейік, Алматы Ардагерлер үйіндегі былық осы жылдың наурыз айында белгілі болған еді. Алдымен мекеменің есеп бөлімінен заңбұзушылықтар анықталды.