Бас прокуратура Арғын Нығматулинге қатысты қылмыстық іс қандай бап бойынша тергеліп жатқанын хабарлады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бас прокуратура Tengrinews.kz ресми сұрауына берген жауабында қылмыстық істің бөтен мүлікті иемдену бабы бойынша тергеліп жатқанын мәлімдеді.
"Нығматулин А.З. және басқа да тұлғаларға қатысты Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы ("Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу") бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Сот Нығматулин А.З.-ға қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады, оған іздеу жарияланды", – деп хабарлады Бас прокуратура.
Қылмыстық іс бойынша басқа ақпараттар Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының талаптарына сәйкес жарияланбайды.
Айта кетейік, Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденген немесе талан-таражға салған адам 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленуі және белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айырылуы мүмкін.
Еске салайық, бұған дейін Антикор Нұрлан Нығматулиннің үлкен ағасы Арғын Нығматулинді іздестіріп жатқанын хабарлаған болатын. Іздеу туралы ақпарат құқықтық статистика органдарының сайтында жарияланды.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!