Қостанай облысының әкімі Нұралы Сәдуақасов Арқалық қаласын жылумен қамту мәселесіне түсінік берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қостанай облысының әкімі Нұралы Сәдуақасов Арқалық қаласын жылумен қамту мәселесіне түсінік берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында журналистер Сәдуақасовқа Арқалық тұрғындарының жылу желілері мен мазут тапшылығына алаңдап отырғанын жеткізді.
"Тозған желілер мәселесі жыл сайын көтеріледі. Біз бұл проблеманы білеміз, жыл сайын оған тұрақты түрде дайындаламыз, жылу көздеріне жөндеу жүргізу үшін қажетті шараларды қолға аламыз. Өткен жылы біз резервуарларға жөндеу жасадық, қуат блогын жөндедік", - деді ол.
Әкім мазутпен қамту мәселесінің шешілгенін айтты. "Жыл сайын Үкімет ақша бөледі. Биыл 972 миллион теңге бөлінді. Біз жағдайды ескеріп, қор жасадық, 2 мың тонна мазут жөнінде келісім жасап, соның ақысын төледік. Бұл жұмыс процесі деп ойлаймын. Бүгінде 18 қарашаға дейін қор бар, ақшасын төледік. Кестеге сай біз 10 мың тонна мазутты біз қарашаның басында алуымыз керек, ешқандай мәселе болмайды деп ойлаймын. Сол себепті Арқалыққа ерекше назар аударып отырмыз", - деді Сәдуақасов.