"Арқанкерген" шекара бекетінде қызмет еткен шекарашы Денис Рей қайтыс болған деп танылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Арқанкерген" шекара бекетінде қызмет еткен шекарашы Денис Рей қайтыс болған деп танылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Успен ауданы сотының шешімімен ҚР ҰҚК Шекара жасағы №2484 әскери бөлімінің әскери қызметшісі Денис Викторович Рей 2012 жылдың 28 мамырында ҚР Қарулы күштері қатарында ҚР ҰҚК "Арқанкерген" шекара заставасында қызмет ету барысында қайтыс болды деп танылды", - дейді сот шешімін оқып берген Успен ауданы сотының судьясы Ерсін Қожабергенов.
Айта кетейік, бұған дейін павлодарлық шекарашының қайтыс болғанын анықтау мүмкін болмаған еді, себебі оның қалдықтары идентификацияға жарамсыз болып шықты. "Германияның Шарите институтының сарапшылары сарбаздың қалдықтарынан оның жеке бас ерекшеліктерін ажырата алмады. Олардың айтуынша, сарбаздың сүйегі қатты күйіп, құммен араласып кеткен. Қалдықтардан ДНК молекулаларын алу анықтау мүмкін болмаған. Соның нәтижесінде Денис Рейдің өлімі анықталмады", - дейді Сарбаз аналары комитетінің төрайымы Людмила Костенко.
Сотқа қатысқан ҚР Бас әскери прокуратурасының өкілі Дінбаян Мұханбетқалиевтің айтуынша, ұлы марқұм деп танылғаннан кейін оның анасы Татьяна Рей тиісті жеңілдіктерге ие болады. "Сондай-ақ шекарашының анасы ұлының қайтыс болуына байланысты 500 АЕК көлеміндегі біржолғы өтемақыны ала алады", - дейді Мұханбетқалиев.
Еске сала кетейік, "Арқанкерген" шекара бекетіндегі қайғылы оқиға 2012 жылдың 28 мамырында болды. Оқиғадан екі күннен кейін 14 шекарашы мен бір орманшының мәйіті табылды. Екі шекарашы - Мейірхан Именов пен Денис Рейден басқалардың бәрінің кім екендері анықталды. Бұл оқиғаға күдікті ретінде шекарашылардың ішіндегі жалғыз тірі қалған адам - Владислав Челах ұсталды. Ол айыпты деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Ұлының өлі екеніне көпке дейін сенбеген Татьяна Рей кейін ҰҚК Шекара қызметінен тиісті өтемақы талап етті.