Мемлекет басшысы төтенше жағдай болған аймақтан көшірілген тұрғындарды орналастыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы төтенше жағдай болған аймақтан көшірілген тұрғындарды орналастыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Президент қауіпсіз жерлерге көшірілген Арыс қаласының тұрғындарын ыстық тамақпен, медициналық жәрдеммен қамтамасыз етіп, басқа да барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың қауіпсіздігі мен олардың дүние-мүліктерінің сақталуын бақылауда ұстау қажеттігін ескертті. Мемлекет басшысы Ішкі істер министрлігіне, әсіресе балаларға ерекше көңіл бөлуді тапсырды.
"Осы тәртіппен жұмысты жалғастырыңыздар. Үкіметке қалаға және оның тұрғындарына көмектесу туралы тапсырма берілді. Қазір біз ең бірінші кезекте адамдардың, қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз керек. Екінші - көрсетілетін көмектер. Арнайы қор құрылды. Арысқа бүкіл Қазақстан көмектеседі. Мен халықпен жұмыс істеп жатқан қаланың жұртшылығына, ардагерлерге ризашылығымды білдіремін. Жарылыстың себептерін анықтау қажет. Қылмыстық іс қозғалды, тергеу-тексеру басталды. Егер кінәлілер болса, олар заңмен қатаң жазаланады. Алдағы уақытта Арыс жарылғыш құрылғылардың барлығынан тазартылуы тиіс", - деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев өрт пен оқ-дәрілердің жарылыс болған жерлерді қалпына келтіру жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді.