Күл-талқаны шыққан Арыс қаласын қалпына келтіруге ақша мемлекеттік қордан бөлінетін болды. Қазір онда 30 миллиард теңге бар, - деп хабарлайды КТК телеарнасы қаржы министрі Әлихан Смайыловқа сілтеме жасап.
Күл-талқаны шыққан Арыс қаласын қалпына келтіруге ақша мемлекеттік қордан бөлінетін болды. Қазір онда 30 миллиард теңге бар, - деп хабарлайды КТК телеарнасы қаржы министрі Әлихан Смайыловқа сілтеме жасап.
Оның мәліметінше, ақша бірінші кезекте баспанасынан айырылғандарға жұмсалады. Әзірше комиссия 19 жер үйдің өртенгенін мәлімдеді. Сондай-ақ, 10-ға жуық қора-қопсы жанып кеткен. Жолдар мен электр желілеріне қатты зақым келіп, қала жарықсыз қалды. Десе де бүлінген үйлердің саны артып, шығын көлемі әлі де көбеюі мүмкін. Өйткені келтірілген залалды есептеу апта соңына дейін жалғасады. Үкімет те шығын нақтыланған бойда қаржы аударуға дайын екенін мәлімдеді.
"Қазіргі таңда Түркістан облысының әкімдігі бізге тиісті есепті беруі керек. Осыған сәйкес, Қаржы министрлігі тиісті қаражатты қордан бөледі. Қазір қорда 30 миллиардқа жуық ақша бар", - деді қаржы министрі Әлихан Смайылов.
Айта кетейік, 24 маусымда Арыстағы әскери бөлімнің қоймасында бірнеше жарылыс болып, қала түгелімен эвакуацияланған. Жарылыс салдарынан 2 адам қаза тапты: бір әскери қызметкер мен бір қала тұрғыны.
Қалада болған оқиғаларға байланысты "Қауырт желісі" жұмыс істеп тұр. Тәулік бойы қажетті ақпаратты Шымкент қалалық ТЖ департаментінен 8 (7252) 44-94-72, 35-33-66 нөмірлері бойынша алуға болады; Түркістан облысының ТЖД: 8 (7253) 35-83-02; ІІМ ТЖ Комитеті: 8 (7172) 53-32-84, 53-32-79.