Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Астанада өткен есептік брифингте Хромтау әкімі Сағындық Шабықбаевтың ұсталуына қатысты журналист сұрағына жауап берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Журналист "Хромтау ауданының әкімі Нұрхан Тлеумұратов қоластындағы қызметкер Сағындық Шабықбаевтың кінәсі дәлелденген жағдайда жауапкершілікке тартылуы мүмкін бе, сондай-ақ осындай жағдайларда басқа лауазымды адамдарды да жауапқа тарту қарастырыла ма" деген сұрақ қойды.
"Иә, қарастырылады, – деп жауап берді Шахаров. – Бұл – заң аясында жүзеге асырылатын рәсімдер. Егер қылмыстық іс барысында олардың қатысы бар екені дәлелденсе, барлық жауапты тұлға міндетті түрде жауапкершілікке тартылады".
Асхат Шахаров аталған іс бойынша тергеу әлі жалғасып жатқанын, барлық шаралар сот үкімі шыққаннан кейін ғана қабылданатынын айтты.
Еске салайық, 11 қарашада Хромтау әкімі Сағындық Шабықбаев сот санкциясымен екі айға қамауға алынғаны хабарланды. Сотта қылмыстық істің қай бап бойынша тергеліп жатқаны нақты айтылмады, алайда кейбір БАҚ мәліметінше, Хромтау әкімі пара алу күдігіне ілінген.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!