Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының келесі жылы ауқымды кадрлық өзгеріс болатыны туралы мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының келесі жылы ауқымды кадрлық өзгеріс болатыны туралы мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
М.Әшімбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке әлеуметтік, инфрақұрылым мәселелері, экономикалық өсім, кәсіпкерлікті қолдау және басқа да салалар бойынша тапсырмалар бергенін еске салды. Бұл тұрғыда Үкімет барлық тапсырмаларды орындауға, елдегі саяси, экономикалық және әлеуметтік реформаларды одан әрі жүзеге асыруға, сондай-ақ Президенттің сайлау алдындағы бағдарламасын орындауға назар аударуы керек.
"Сондықтан атқаратын қызметіне кім лайық екенін немесе кім жұмысын орындай алады деген баға беруім орынсыз болар. Бағалау және шешім қабылдау – Мемлекет басшысының құзыреті. Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында түйткілді мәселелерді де атап өтті. Бұдан әрі Мемлекет басшысы жұмысын тиісті деңгейде атқара алатындарды бағалап, тиісті шешім қабылдайды деп ойлаймын", - деді М.Әшімбаев Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Сонымен қатар ол 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында Мәжілісті сайлау жоспарланып отырғанын айтты. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, бұл сайлау өткеннен кейін, Үкімет отставкаға кетіп, жаңа Министрлер кабинеті жасақталады.
"Бұл тұрғыда Парламентте нақты министрлер мен Үкімет мүшелері лауазымдарына үміткерлер талқыланады. Осы орайда кімнің қалып, кімнің жұмысын жалғастыратыны олардың тиімділігіне, атқаратын жұмыстарына байланысты болады. Мемлекет басшысы тиісті бағасын береді деп ойлаймын. Мәжіліс сайлауынан кейін тиісті өзгерістер болуы мүмкін. Бірақ бұл өзгерістер Мемлекет басшысының құзыретіне жатады", - деді Сенат төрағасы.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!