Жаңа жылдың алғашқы күнінде Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери қызметшісі подполковник Зәкір Қарашев бұдан бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған азаматты қарусыздандырып, полиция қызметкерлеріне тапсырды, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі ҚР Қорғаныс министрлігінің сайтына сілтеме жасап.
Жаңа жылдың алғашқы күнінде Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери қызметшісі подполковник Зәкір Қарашев бұдан бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған азаматты қарусыздандырып, полиция қызметкерлеріне тапсырды, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі ҚР Қорғаныс министрлігінің сайтына сілтеме жасап.
Әскери қызметшінің айтуы бойынша ол қыз баланың дүниеге келуіне байланысты досының үйіне отбасымен бірге қонаққа шақырылған болатын. Мерекенің нағыз қызған кезінде есікке қоңырау соғылады. Пәтер иесі есікті ашып, баспалдақ алаңына шығады. Көп кешікпей пәтердегі айқай-шу естіледі. Подполковник Қарашев досының артынан шығып, оған кезелген жауынгерлік тапаншаны байқап қалады. Қауіп-қатерді ойламай офицер бейтаныс ер адамның қолынан қаруды қағып түсірді. Бірақ, қылмыскер кенеттен қалтасынан гранатаны алып шыққан. Әскери қызметші оны қолымен қысып, қоян-қолтық ұрыс айла-тәсілін қолданып, шабуыл жасаған адамның қолынан суық қаруды жұлып алды.
Ер адам өзін агрессивті түрде ұстады. Оны полиция қызметкерлері келгенге дейін байлап тастауға тура келді. Кейіннен Алмалы АІІБ-де ұсталған адамда тапанша мен гранатадан басқа газ баллоны, бүктемелі пышақ және 200 доллар сомасында қолдан жасалған ақша болғаны анықталды. Бұдан бұрын ол ұрлық пен бұзақылық үшін ұсталған. Тінту барысында қолға түскен адам есіктен жаңылысқаны айқындалды.
"Әрине, менің бойымды үрей биледі, бірақ, өзім үшін қорыққан жоқпын. Мен отбасыларымыз үшін алаңдадым. Пәтерде әйелдеріміз бен бала-шағамыз қалды. Егер де біз шақырылмаған қонақты қарусыздандырмағанда, оларға үлкен қауіп төнер еді", - дейді подполковник Зәкір Қарашев.
Бұл десантшы әскери қызметшілер арасындағы алғашқы батыл әрекет емес. Еске салайық, былтырғы жылы ефрейтор Данияр Ешайдаров өзінің өміріне қауіп төндіре отырып, автокөліктің дөңгелегінің астынан тас жолда екі жасар баланы құтқарып қалған болатын. Ал кіші сержант Ғалымжан Әлиуханов өрт шалған пәтердің ішінен екі баланы аман-есен алып қалды.