Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Түркия Республикасының президенті Режеп Тайип Ердоғанды салтанатты қарсы алу рәсімі өтті, деп хабарлайды Tengrinews.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия көшбасшысын өзі күтіп алды.



Мәртебелі мейманның құрметіне Қазақстан Республикасы Әуе қорғанысы күштерінің истребителдері Түркия туын бейнелейтін қызыл және ақ түсті жолақтардан із тастап ұшты.



Содан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған бір біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды.



Құрмет қарауылының бастығы рапорт беріп, екі елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалды.

Ақорда баспасөз қызметінің фотосы
Айта кетейік, 14 мамырда Қазақстан Президентінің баспасөз қызметі елордадағы Тәуелсіздік сарайында өткен Ердоғанды салтанатты қарсы алу рәсімінің тікелей трансляциясын жүргізді.
Тоқаев Ердоғанды Тәуелсіздік сарайында қарсы алды: видео
13 мамырда Түркия көшбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Режеп Тайип Ердоған Қазақстанға жұбайы Эмине Ердоғанмен бірге келген.
Кеше елорда әуежайында түрік көшбасшысын салтанатты түрде қарсы алу рәсімінен кадрлар жарияланды.