Астанадағы Тәуелсіздік сарайында VII Астана экономикалық форумының жұмысы басталды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Астанадағы Тәуелсіздік сарайында VII Астана экономикалық форумының жұмысы басталды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Форумға 100-ден астам мемлекеттен келген 130 қаржы және экономика министрлері қатысуда. Бұдан бөлек, Малайзия, Ливия, Польша, Португалия сияқты елдердің үкімет басшылары мен олардың орынбасарлары келді. Ал Нобель сыйлығының ондаған иегерлері Астана экономикалық форумына жыл сайын қатысып келеді. Биылғы форум аясында 70-тен астам шара ұйымдастырылмақ. Соның ішінде Журналистер саммиті алғаш рет өткізіледі.
Аталған саммиттің негізгі мақсаты - әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарын ұйымдастырып, G-Global жобасын кеңінен насихаттау. Ол үшін саммитке 700-дей бұқаралық ақпарат құралдары шақырылды. Олардың 300-і - шетелдіктер. Жиын барысында ғалымдар мен журналистер бас қосып, қаржы-экономикалық мәселелерді кеңінен талқыға салмақ.
Айта кеткен жөн, G-Global жобасы - бұл қаржы-экономикалық мәселелерді талқылауға арналған виртуалды алаң. Порталға әлемнің кез келген жерінен кіріп, жетекші ғалымдар мен сарапшылардың пікірталасына қатысуға болады. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сан алуан халықаралық форумдарда аталған бастама туралы әрдайым айтып жүреді. "G-Global - бұл қаржы-экономикалық дағдарысты еңсерудің бірден-бір құралы. Ол өзекті деген мәселелерді шешудің тиімді жолын ұсына алады", - дейді Мемлекет басшысы. Алайда бұл бастамаға насихат жетіспейтін көрінеді.