Қазақстанның 73 жастағы меценаты Сапар Ысқақов бастаған топ әлемнің 27 мемлекетін аралап, Астанада өтетін ЭКСПО халықаралық көрмесін насихаттап келді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қазақстанның 73 жастағы меценаты Сапар Ысқақов бастаған топ әлемнің 27 мемлекетін аралап, Астанада өтетін ЭКСПО халықаралық көрмесін насихаттап келді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Меценаттың айтуынша, қаңтар айында басталған сапар барысында үгіт-насихат тобы бес құрлықта болып, 27 мемлекетте аялдады. Соның ішінде АҚШ, Коста-Рика, Гавай аралдары, Жаңа Зеландия, Австралия, Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай, Вьетнам, Сингапур, Малайзия, Үдістан, Біріккен Араб Әмірліктері, Мысыр, Италия, Испания, Португалия, Ұлыбритания сияқты мемлекеттер бар. Қазақстанның сыртқы істер министрлігі бұл бастаманы қолдап, елшіліктер арқылы өз көмегін тигізді.
"Негізі, бізге ЭКСПО туралы көбірек әрі кеңірек айту керек. Өйткені басқа мемлекеттердің басым бөлігі ол халықаралық көрменің қай жерде өтетінін білмейді екен. Олар Қазақстанның қайда орналасқанын да білмей отыр. Сондықтан біз ЭКСПО арқылы өзіміздің кім екенімізді көрсетіп, жер жаһанға жар салуымыз қажет. ЭКСПО оған толық мүмкіндік беріп отыр", - деді бүгін С.Ысқақов Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте. Сол жерде ол 27 ел өкілдерінің қолтаңбасы бар туды "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясына салтанатты түрде табыстады.
Айта кетейік, бұл сапарды "Жиһангез" бағдарламасының өкілдері түсірді. Жақында оның барлығы теледидардан көрсетілетін болады.