Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев XII Еуразиялық медиафорум қатысушыларына өз құттықтауын жеткізді. Оны форумның салтанатты ашылу рәсімінде Мемлекеттік хатшы Әділбек Жақсыбеков оқып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев XII Еуразиялық медиафорум қатысушыларына өз құттықтауын жеткізді. Оны форумның салтанатты ашылу рәсімінде Мемлекеттік хатшы Әділбек Жақсыбеков оқып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Президенттің айтуынша, биылғы форум күрделі халықаралық саяси жағдайлар тұсында өтіп отыр. Соңғы айлардағы көптеген оқиғалар этносаралық татулықты сақтаудың маңыздылығын тағы да көрсетіп берді. Осы орайда Н.Назарбаев Еуразиялық медиафорумның елдер мен құрлықтар арасындағы сенімді қалыптастыру, ұлтаралық татулық пен келісімді сақтау саласындағы рөлін ерекше атап өтті. "Қазақстан өзінің бейбітшілік пен бірлікті қамтамасыз етудің оң тәжірибелеріне сүйене отырып, бұл үдеріске лайықты үлесін қосып келеді. 2015 жыл Қазақстан халқы ассамблеясының жылы болып жарияланды, Астанада Қазақстан халқының форумы өтетін болды. Сондай-ақ, келесі жылы еліміздің астанасында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының 5-съезі өтеді.", - дейді Президент.
Еуразия халықтарының жақындасуы мен жан-жақты ынтымақтасуына сеп болған қазақтың Астанасы туралы айта келе, Елбасы еуразиялық интеграция мәселесіне де тоқталды. "Еуразиялық интеграция үдерісі бүгінде дамудың мүлдем жаңа кезеңіне шықты. Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы тарихи шартқа 2014 жылы мамырда дәл осы жерде, Астанада қол қою жоспарланып отыр. Оның да өзіндік мәні бар", - деп атап көрсетті Назарбаев.