Астана мен Мәскеу ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын, сондай-ақ бірлескен жобаларды іске асыру тетіктерін талқылады. Smart-city жобаларын енгізуге және дамытуға баса назар аударылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі елорда сайтына сілтеме жасап.
Астана мен Мәскеу ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын, сондай-ақ бірлескен жобаларды іске асыру тетіктерін талқылады. Smart-city жобаларын енгізуге және дамытуға баса назар аударылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі елорда сайтына сілтеме жасап.
Бүгін Астананың Мәскеудегі күндері аясында мәскеулік сауда-өнеркәсіптік палатада Іскерлік ынтымақтастық форумы өтті.
Кездесу барысында Мәскеу Үкіметінің министрі, қалалық Сыртқы экономикалық және халықаралық байланыс департаментінің басшысы Сергей Черемин сөз сөйледі. Оның айтуынша, Ресей тарапы Қазақстанның елордасымен қарым-қатынасты нығайтуға мүдделі.
"Астана - қалалық шаруашылық саласында ең озық технологияларды, инвестицияларды тарта отырып, қарқынды дамып келе жатқан жас қала. Бүгінде іскерлік топтар арасында қарым-қатынас құру оңай емес, біз өте күрделі экономикалық жағдайға тап болдық, бірақ Астана мен Мәскеу арасындағы интеграциялық өзара іс-қимылдың перспективалары әлі де бар. Біздің қарым-қатынасымыз одан әрі дамиды, біз Астанада бизнес-миссия өткіземіз және ЭКСПО-2017 көрмесіне белсенді қатысамыз", - деді Сергей Черемин.
Оның айтуынша, ЭКСПО көрмесі мәскеулік кәсіпорындар үшін электр энергиясын өндіру технологияларын, оның сақталуын, энергетика шаруашылығымен байланысты жаңалықтарды көрсетудің жақсы алаңы болады.
Өз кезегінде елорда әкімі Әсет Исекешев Мәскеу мен Астананың көптеген бағыт бойынша бірлесіп жұмыс істеуге болатынын жеткізді.
"Астана халқы бір миллионнан асты, бұл белсенді дамып келе жатқан қала. Біздің қалалардың экономикалық модельдері негізінен ұқсайды, сондықтан бизнес қоғамдастықтардың арасында белсенді ынтымақтастық орнатуға ниеттіміз. Екі жақта да қызықты бағдарламалар мен технологиялар бар, біз оларды жүзеге асыра аламыз", - деді Әсет Исекешев.
Сонымен қатар, Әсет Исекешев өз баяндамасында жас елорданың дамуының басты басымдықтарына тоқталды, атап айтқанда: жұмыспен қамту және экономикалық модельдің жаңа құрылымдары, сондай-ақ, өмір сүру сапасын жақсарту арқылы халықтың кірісін арттыруды қамтамасыз ету. "МЖС моделін белсенді пайдалану, шағын және орта бизнесті, сауда секторларын дамыту, индустриалды құрылысқа көшу, тұрғын үйдің қолжетімділігін қамтамасыз ету, жаңа құрылыс технологияларын дамыту және т.б. маңызды болып табылады. Туризм де маңызды бағыт болып қалады", - деді әкім.
"Мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға қазір зерттеліп жатқан смарт-шешімдердің толық спектрі ықпал етеді. Бұл жұмыстың ашықтығын арттыру, ТКШ жүйесінің әлдеқайда айқын жұмысын қалыптастыру, қоғамдық көлік, білім, денсаулық сақтау салаларында смарт-шешімдерді енгізу. Бүгінде бірқатар жобалар жүзеге асырылды", - деді Әсет Исекешев.
Бүгін мәскеулік әріптестеріміз қазақстандықтарға Ресей астанасында сәтті жүзеге асырылып жатқан және енгізу жоспарланып отырған бірқатар "ақылды" технологияларды таныстырды.
"Астана мен Мәскеу - ақылды қала технологияларын енгізуді қажет ететін мегаполистер. Мәскеуде "ақылды" қала ортасының элементтері Мосробот сияқты қызықты технологиялар қолға алынды, бұл көшеде немесе маршрутта болып жатқан оқиғалар туралы қала тұрғындарын тікелей хабардар ету сервисі. Сонымен қатар, геоаналитика құралдарын пайдалану енгізіледі. Қазіргі кезде қалада төрт ірі мобильді оператор жұмыс істейді, біз жасырын түрде қалада жүрген адамдардың ағыны туралы мәлімет аламыз және осы мәліметтердің негізінде қалалық инфрақұрылымды дамытамыз», - деді "Ақпараттық қала" МБМ бас директоры Алексей Чукарин.
Сонымен қатар, Форумда мәскеулік тарап көшені абаттандыру, инновациялық қызмет ерекшеліктерімен және т.б. бөлісті. Кездесу барысында Астана қаласы әкімдігінің Инвестициялар және даму басқармасы мен Мәскеудің ұлттық саясат, аймақаралық байланыс және туризм департаментінің арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.