14 қыркүйекте Астана іргесіндегі Целиноград ауданына қарасты Қабанбай батыр ауылының маңында "Алтын тұлпар" республикалық турнирі аясында аламан бәйге өтеді. 43 шақырымға созылатын қылқұйрықтар бәсекесін Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы "Нұр Отан" партиясының қолдауымен ұйымдастырып отыр, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі.

Аламан бәйгеге еліміздің 14 облысы мен Астана, Алматы қалаларының әрқайсысынан 10 ат түседі. Жарысқа аттардың барлық тұқымы қатыстырылады. "Алтын тұлпар" аламан бәйгесінің жүлде қоры да қомақты. Мәреге алғашқы жеткен тоғыз тұлпарға қаржылай жүлде беріледі. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері Қазақстанның Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы атынан "Құлагер", "Байшұбар", "Қубас", "Қарақасқа", "Ақтабан", "Бозауыз", "Тайбурыл", "Көкбурыл", "Шалқасқа", "Тарлан" атты номинациялар бойынша дипломмен және қаржылай сыйлықтармен марапатталады.
Тағы бір айта кететіні, "ат сыншысы" байқауы ұйымдастырылады. Ата дәстүрін жалғап, шын жүйрікті жазбай таныған сыншыға "Толыбай сыншы", "Күреңбай сыншы", "Кейхауыс сыншы" атындағы арнайы жүлделер тағайындалған. Сондай-ақ ұлттық жәдігерлер мен қолөнер туындылары көрмесі ұйымдастырылып, ат тағалаушы шеберлердің жарысы өтеді.
Турнирге ҚР Мәдениет және спорт министрлігі де қолдау көрсетіп отыр, бас демеуші - "Самұрық-Қазына" Ұлттық әл-ауқат қоры. Аламан бәйге Астанадан 30 шақырым қашықтықта орналасқан Қабанбай батыр ауылының аумағында (Қосшыдан кейінгі ауыл) болады.