"Роза Бағланова атындағы "Қазақконцерт" мемлекеттік концерттік ұйымы қазақ халқының төл өнерін дамытып, кеңінен насихаттауға зор үлесін қосып келеді. Осыған орай "Халық қазынасы" өнер орталығы құрылды. Сонымен қатар мекеме ұжымы 62-ші концерт маусымында жаңа форматтағы дәріс-концерттерді көрермендер назарына ұсынды.

Әр түрлі бағыттағы өнер мектептерінің және "TURAN" ансамблінің қатысуымен тақырыптық дәріс-концерттер жиі өткізіліп тұрады. Көне аспаптар үнінің ерекшелігін сақтай отырып, халық музыкасына жаңа тыныс берген "Қазақконцерт" өнерпаздарының арқасында фольклор өнерін бағалаушылар көбейді.

"АСТАНА САЗЫ" қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблі өз тыңдармандарына заманауи өңдеуден өткен музыкалық шығармаларды ұсынып жүр. Ансамбль әртістері домбыра, қылқобыз, сыбызғы, жетіген, сазсырнай, шаңқобыз, дауылпаз, сырнай және басқа да аспаптарда ойнайды, сондай-ақ, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары атанған 16 ең үздік музыканттардан құралған. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі, белгілі композитор Бауыржан Ақтаев.

– Ансамбль отандық музыка саласында өзіндік орны бар, көрермен тарапынан зор сұранысқа ие үздік шығармашылық ұжым ретінде "Қазақконцерттің" брендіне айналды. "Астана Сазы" мемлекеттік фольклорлық ансамблінің репертуары дәстүрлі аспаптық музыка мен заманауи авторлық шығармаларға бай. Ұжым әртістері Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Таяу Шығыс, Орта Азия елдерінде өнер көрсетіп, көптеген іс-шараларға белсенді қатысып келеді, – деп атап өтті Роза Бағланова атындағы "Қазақконцерт" МКҰ директоры Ақтоты Райымқұлова.

17 қараша күні сағат 19:00-де "QAZAQSTAN" Орталық Концерт Залында "ALEM SAZ" Халықаралық өнер фестивалінің аясында "AСТАНА САЗЫ" мемлекеттік фольклорлық ансамблінің "ZAMAN" атты жаңа күйтабағының тұсаукесері және концерті өтеді.
"Қазақконцерттің" іс-шаралары туралы Қазақконцерттің ресми Instagram-парақшасынан біле аласыздар.