Astana Taxi өкілдері қала тұрғындары мен қонақтарына такси жүргізушілері жолақысын көтермелеп айтқан жағдайда не істеу керекгін түсіндірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Astana Taxi өкілдері қала тұрғындары мен қонақтарына такси жүргізушілері жолақысын көтермелеп айтқан жағдайда не істеу керекгін түсіндірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Астана тұрғындары әлеуметтік желі арқылы "Нұрлы Жол" вокзалының жолаушыларына қызмет көрсететін Astana Taxi жүргізушілерінің бағаны негізсіз көтеріп жібергеніне шағымданған. Адамдардың сөзінше, автотұрақта Astana Taxi компаниясына қарасты ресми 11 таксопарк өкілдеріне ғана тұруға рұқсат етілгендіктен, бәсекелестік жоқ екенін пайдаланған жүргізушілер осылай істеп отыр.
Astana Taxi баспасөз қызметінің өкілдері мұндай шағымдар бұрын да болғанын айтады. Қазір бұл мәселе жүргізушілерді бақылап, жолаушыларды үлестіру арқылы жойылған.
"Соңғы айларда жиі шағым түсті. Бірден әрекетке көштік. Бұрын бақылау таңғы сегізден түнгі он бірге дейін еді. 1 қаңтардан бастап тәулік бойы жүреді. Бізде жолаушыларды отырғызуды бақылайтын қызметкерлер бар. Ол адамдардың саудаласуына, таксометрлерді қоспай жүруіне жол бермейді", - дейді қоғаммен байланыс менеджері Аида Кушманова.
"Екі айда үш жүргізуші жұмыстан босатылды. Олар бірнеше рет ережені бұзып, ескертулерге құлақ аспаған, таксометрлерді қоспай жүрген. Таксометрді қоспағаны үшін бір рет ұсталғандарға айыппұл салынды, кейбіріне "Нұрлы жол" вокзалы аумағында жұмыс істеуге тыйым салынды", - деп атап өтті ол.
Баспасөз қызметі өкілдері Astana Taxi 11 ресми таксопарктің тасымалдаушысы екенін айтады. Сондықтан ереже бұзу болған жағдайда 158-00 call-орталығына қоңырау шалуға немесе +7 700 555 76 07 WhatsApp нөміріне хабарласуға болады.
"Бастысы көліктің борт немесе мемлекеттік нөмірін жаттап қалу. Сонда бізге жүргізушіні табу жеңіл болады", - дейді Астананың Көлік қауымдастығының атқарушы директоры Сәкен Ханхожин.
Сонымен қатар, ол ресми бағамен салыстырып көру үшін қала бойынша такси құны қанша екенін айтты.
"Қала бойынша алғашқы үш шақырым - 500 теңге. Ары қарай әр шақырым 100 теңгеден. Есеп әр 100 метрге жүреді. "Нұрлы жол" вокзалынан отыру 700 теңге, үш шақырымнан кейін бір шақырым үшін 100 теңге. Ал әуежайдан отыру - 1000 теңге", - деп түсіндірді ол.
Сонымен қатар, ол салыстырып көру үшін "Нұрлы жол" вокзалынан Самал ықшамауданына дейін 1200-1300 теңге болатынын, ал әуежайдан 2500-2600 теңге болатынын мысалға келтірді.