Мемлекет басшысы Астана қаласын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорда сайтына сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Астана қаласын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорда сайтына сілтеме жасап.
Қазақстан Президентіне бұған дейінгі берілген тапсырмалардың орындалу барысы және елорда құрылысының перспективалық жоспары жөнінде баяндалды.
Кеңеске Президент Әкімшілігінің Басшысы Ә.Жақсыбеков, Астана қаласының әкімі Ә.Исекешев, Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары С.Хорошун және Астана қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Б.Тайталиев қатысты.
Елбасы қала құрылысын жүргізу барысында қазіргі инфрақұрылым мен коммуникациялардың мүмкіндіктерін ескеру маңызды екенін айтты.
Әсет Исекешев Нұрсұлтан Назарбаевқа елорда құрылысының бесжылдық жоспары мен жаңа нысандар салу перспективалары жөнінде мәлімдеді.
"Жоспар аясында 5 құрылыс аймағы қарастырылған. 2023 жылға дейін 9,5 миллион шаршы метр тұрғын үй салынып, 500 мың адамға арналған 156 мың пәтер беріледі. 2027 жылға дейін 800 мың адамға арналған 16 миллион шаршы метр тұрғын үй салынады. Осылайша, Сіздің тапсырмаңызға сәйкес, қаламызда 2 миллион адамның тұруына жағдай жасалатын болады", - деді Астана қаласының әкімі.
Кеңес қорытындысы бойынша Қазақстан Президенті Астана қаласын одан әрі дамыту жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.