Астанада көпбалалы ана мен тұрғын үй инспекциясы басқармасы арасындағы сот дауы аяқталды. Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық алқа оны тұрғын үй алу кезегінен шығару заңсыз деп таныды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Жоғарғы сотқа сілтеме жасап.
Істің мән-жайы
Әйел 2009 жылдан бері мемлекеттік қызметші және "Алтын алқа" құрмет белгісімен марапатталған көпбалалы ана ретінде пәтермен қамтамасыз етіледі деп жүргенде, тұрғын үй кезегінен шығарылған. Үй кезегінен алып тастауға бұрын күйеуі мен туысының атына тіркелген, дау туындаған кезде иеліктен шығарылған жылжымайтын мүлік туралы мәліметтер негіз болған.
Сот шешімдері
Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар тұрғын үй инспекциясының әрекетін заңсыз деп танып, әйелдің тұрғын үй кезегін қалпына келтіру туралы қаулы шығарды.
Әкімшілік істер бойынша кассациялық сот бұл шешімдердің заңдылығын растады. Сот актілерінде "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңының нормаларына сәйкес, "Алтын алқа" белгісімен марапатталған көп балалы аналар мұқтаж деп танылып, белгіленген тәртіпте есепте тұрған болса, тұрғын үй алғанға дейін кезектен шығаруға болмайтыны баса көрсетілген.
Осылайша, кассациялық саты растады: талап қоюшының құқықтары бұзылған, ал бұрын қабылданған сот актілері заң талаптарына, әділеттілік қағидаттарына сәйкес келеді және азаматтардың әлеуметтік осал санатын – көп балалы аналарды қорғауды қамтамасыз етеді.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!