Астана қаласында 83,5 мың бала балабақша кезегінде тұр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Астана қалалық әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Қаладағы бала санының жыл сайын өсуіне байланысты балаларға арналған мекемелерде орын жетпей жатыр, қазір 3-6 жас аралығындағы 37 мыңнан астам балаға орын жоқ.

Астана қалалық құрылыс басқармасының мәліметінше, өткен жылы қалада балаларға арналған 3 оқу орны пайдалануға берілді, бірақ 2014 жылы аяқталады деп жоспарланған басқа оқу орындарының құрылысы 2015 жылдың бірінші тоқсанына ауыстырылған. Қазір қалада әр типті 181 мектепке дейінгі мекеме жұмыс істейді, олардың 156-сы балабақша. Сонымен қатар Астанада 81 мемлекеттік, 2 ведомстволық, 73 жекеменшік балабақша мен 25 шағын орталық бар, оларда жалпы саны 35 мың бала білім алады.
Айта кетейік, биылғы жоспар бойынша 3 мыңнан аса орындық 14 балабақша мен 60 орындық балабақшаға қосымша бір ғимарат пайдалануға беріледі.
Еске сала кетейік, 2014 жылдың қараша айында ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов Қазақстанда жарты миллион бала балабақшаға бару кезегін күтіп отырғанын айтқан болатын. "Атқарылып жатқан шараларға қарамастан, еліміздегі балабақшаға сұраныс жоғары болып тұр. Кезек айтарлықтай ұзақ - балалар саны жарты миллион шамалас. 2013 жылдан бері балабақша кезегіндегі балалардың қатары 50 мыңға артқан. Бұл еліміздегі демографиялық өсіммен байланысты", - деді ол.