Астанада өздеріне тиесілі аумақты дер кезінде қардан тазаламағаны үшін екі күн ішінде 30-ға жуық кафе мен ресторан әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі Астана ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Астанада өздеріне тиесілі аумақты дер кезінде қардан тазаламағаны үшін екі күн ішінде 30-ға жуық кафе мен ресторан әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі Астана ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Елорда әкімі Әділбек Жақсыбековтің халыққа есеп беру кездесуінде айтылған тапсырмаларды орындау шеңберінде табиғатты қорғау полициясы қаланың санитарлық тазалығына қатысты тексеру жүргізген. "Алдын алу шаралары жүргізілген екі күн ішінде полиция қызметкерлері өз аумақтарын қар мен мұздан өз уақытында тазартпағаны үшін 29 кафе мен ресторан ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 505-бабының 1-бөлігі ("Қалалар мен елді мекендер аумағын көріктендіру ережелерін бұзу") бойынша барлығы 1 миллион теңгеге жуық сомаға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұған қоса, дәмхана-мейрамхана басшыларына көріктендіру ережелері мен тазалықты сақтау жөнінде 23 жазбаша ескерту берілді", - делінген полицияның хабарламасында.
Полицейлердің мәліметінше, Астанада өз аумақтарын қардан тазартпағаны үшін осы жылдың басынан бері шағын және орта бизнестің 150-ден астам нысаны мен қаладағы төрт базарға жалпы сомасы 2,5 миллион теңгеден асатын айыппұл салынған. 27 ПИК-тің басшысынан жарты миллион теңгеге жуық көлемде айыппұл өндірілетін болды. 10 мердігер ұйым да жауапкершілікке тартылды. Бұған қоса, қала тазалығын бұзғаны үшін тұрғындар да жауапқа тартылды. "Жылдың басынан бері көріктендіру ережелерін бұзғаны үшін 230 жеке тұлғаға анықталған заңбұзушылықтарды жою жөнінде 350-ден астам нұсқау берілді", - деп хабарлады Астана ІІД баспасөз қызметі.