Астананың автобус жүргізушілері үш күн ішінде жол қозғалысы ережесін 500 рет бұзған, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Астананың автобус жүргізушілері үш күн ішінде жол қозғалысы ережесін 500 рет бұзған, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Жол-патруль полициясы қызметкерлері республикалық жолдарда жолаушы және жүк тасымалдайтын көлік жүргізушілерінің арасында тасымал тәртібін арттыру мақсатында өткізілген республикалық "Автобус" жедел алдын алу іс-шарасының қорытындысын шығарды. "Үш күнге жалғасқан "Автобус" жедел алдын алу іс-шарасы барысында Астана қаласы ІІД ӘПБ қызметкерлері жолаушылар автобусының жүргізушілері жол берген 500-ге жуық заңбұзушылықты анықтады, олардың ішінде маневрлеу ережесін бұзудың 70, техникалық тексеруден өтпеген автобусты жүргізудің 50 дерегі тіркелді", - делінген хабарламада.
Бұдан бөлек, 45 автобустың жүргізушісіне көлік жүргізу кезінде телефонды пайдаланғаны үшін айыппұл салынды, атмосфераға шығарылған зиянды заттардың құрамында ластаушы заттардың мөлшерінің артуы бойынша 11, жылдамдық режимін бұзудың 9, жолаушы және жүк тасымалдау ережесін бұзудың 6, жүргізушілердің еңбек және демалыс режимін бұзудың 6 фактісі анықталды. Түрлі заңбұзушылықтарға жол бергені үшін автобус парктеріндегі 4 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Астана қаласы әкімшілік полиция басқармасының хабарлауынша, іс-шараға жол-патруль және көші-қон полициясының 200-ден астам қызметкері, соның ішінде көлік бақылау өкілдері қатысты. Қала аумағында автобустардың техникалық жағдайын тексеру үшін рейдтік іс-шаралар өткізілді, жүргізушілердің медициналық тексеруден өткен-өтпегендігі және тіркеу құжаттары тексерілді. Сонымен қатар, заңсыз мигранттар мен заңсыз тасымалдаушыларды анықтау, әсіресе, "Рубеж" бекеттерінде шетелдіктер отырған автобустар мен шетелдік тіркеуі бар автобустарды анықтау жұмыстары жүргізілді. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, осындай рейдтердің өткізілуі жолаушылар көлігінің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының төмендеуіне септігін тигізеді.
Еске салайық, өткен жылдың соңында Астана мен Алматы қалаларында қоғамдық көліктердің қатысуымен бірнеше жол апаты болған еді. Астанадағы Қабанбай батыр және Керей-Жәнібек хандар көшелерінің қиылысында жолаушылар автобусы бетон араластыратын машинамен соқтықты. Алматыда жуырда жолаушылары бар автобус он автокөлікті соғып кетті. Астанада техникалық жағынан жарамсыз автобустардың желіге шығарылғаны да хабарланған болатын.