Астанада автопарк өкілдері автобустардың неліктен кешігіп жатқанын түсіндірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Астанада автопарк өкілдері автобустардың неліктен кешігіп жатқанын түсіндірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Апта басынан бері желіде астаналықтар қала автобустарының өз уақытында келмей, әбден мезі болғанын жаза бастады. Тұрғындар әсіресе таңда және кешкі уақытта автобус күтіп, аязда тоңып қалғанын жазды.
© Тұрар Қазанғапов
Сөйтсек, автобустар аяз түскеніне байланысты кешігеді екен. Автопарктердің диспетчер қызметтері көлікті қысқы мерзімге дайындау барысының дұрыс жүргізілгеніне қарамастан, ауа температурасының күрт төмендеуі техникаға әсер етпей қоймапты. "Автобустардың кешігуі және қозғалыс кестесінің бұзылуы біздің автопаркте ғана емес, қала бойынша. Автобустарымызда ауа жүйесі орнатылған, онда ауа қатып қалады, кейде отыны қатып қалады", - дейді №5 автопарктегілер.
Үшінші автопарктегілер барлық көліктің үсті жабылатын ангарларда сақталатынын, бірақ бар қиындықтың автобустардың таңғы уақытта жолға шығуынан басталатынын айтып отыр. "Автобустар мұндай аязда қатып қалады, ауасы қатады. Олар таңертең жолға шығып, кейін бүлініп, қайта оралады. Жаңасы да, ескісі де сондай. - деп хабарлады автопарктегілер. - Әсіресе ауа дымқыл болғанда түтіктер, компрессорлар, цилиндрлер қатып қалады. Осындай аяз түскенде бірнеше күн осылай болады да, кейін қалпына келе бастайды. Машиналар, темір аязға үйрене бастайды".
Кейбір тұрғындар автопарктер қысқы отынды алып үлгермеген дегенді де айтып отыр. Алайда автопарктер бұл сөзді жоққа шығарды. "Отын бар, таңғы және кешкі уақыттарда көліктер суықтан жүрмей қалады. Қар түсіп, кептелістер болғанда, автобустың барлығы жолда еді, бірақ бір жерде тұрақтап қалды, себебі автобус бір-бірлеп кете бастағанша, соңынан тағы біреуі келіп жатады, яғни алдыңғысын қуып жетіп алады. Мұнда біздің кінәміз жоқ, мұнда қар тазалау машиналары үлгермей жатты. Бірақ қазір жағдай оңалды", - деді екінші автопарктегілер.
© Тұрар Қазанғапов
Айта кетейік, елордадағы аязға қарамастан, диспетчерлер жағдайдың түзелетінін айтып, уәде берді. Айтуларынша, ертеңнен бастап мәселе өз шешімін табады.