Астанада Ауыл шаруашылығы министрінің бұрынғы орынбасары Мүсілім Өмірияевке қатысты сот басталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сот залынан. Негізгі сот отырысын сот төрағасы Ербол Рахымбеков қарап жатыр.

Процесс ашық өтіп жатыр, бұрынғы вице-министрге қатысты қылмыстық істі тергеу өткен жылдың желтоқсан айында басталып, биылғы мамыр айына дейін созылды. Осы уақыт аралығында Мүсілім Өмірияев тергеу изоляторында отырды. Оның ұсталғаны 2013 жылдың 22 желтоқсанында белгілі болды. Жоғары лауазымды шенеунік аса ірі көлемде пара алды деп айыпталып отыр. Тергеудің мәліметінше, ол мемлекеттік сатып алулар байқауында жеңіп шығуына көмектесу үшін кәсіпкерден 100 мың доллар пара алған.
Вице-министрдің ұсталғаны хабарланғаннан кейін ведомство басшысы Асылжан Мамытбеков Өмірияевтің кінәлі екеніне сенбейтінін және егер оның кінәсі дәлелденсе, қызметтен кететінін мәлімдеді.
Мүсілім Өмірияев ауыл шаруашылығы вице-министрі қызметіне 2011 жылдың қыркүйегінде тағайындалды. Бұған дейін ол әр жылдары "Русские фермы" халықаралық қорының бас директоры, Алматыдағы "Южный центр" ЖШС қаржы директоры, "Президент әкімшілігі мен үкіметтің әкімшілік ғимараттары дирекциясы" РМҚК директоры, ҚР Президенті Іс басқарушысының орынбасары қызметтерін атқарды.