Астана ІІД Әкімшілік полиция басқармасы елордада жергілікті полицияның қалай жұмыс істейтінін хабарлады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Астана ІІД Әкімшілік полиция басқармасы елордада жергілікті полицияның қалай жұмыс істейтінін хабарлады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ведомство 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда атқарушы органдар мен халықтың алдында есеп беретін жергілікті полицейлер жұмыс істей бастайтынын хабарлады. Астанада жергілікті полиция қызметінің құрамына 1,5 мың полицей кіреді.
"Жергілікті полиция қызметі қоғамдық тәртіпті қадағалау, ұсақ құқықбұзушылықтар мәселесін шешу, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету салаларында жұмыс істейді. Оларға өздеріне жүктелмеген міндеттерді орындауға тыйым салынады", - деді Астана ІІД ӘПБ төрағасы Бақытжан Малыбаев.
Әкімшілік полиция басқармасының мәліметінше, жергілікті полиция қызметі құрылымына учаскелік полиция инспекторы және олардың көмекшілері, ювеналды полиция, аймақтық бөлімшелер мен мектеп инспекторлары, әйелдерді зорлықтан қорғау бөлімшесі, табиғатты қорғау полициясы бөлімшесі, тұрғылықты жері жоқтарды және әкімшілік жазаланғандарды қабылдау-тарату бөлімшесі кіреді.
"Жергілікті полиция қызметі басшыларының жергілікті әкімдік пен мәслихат алдында жылына екі рет, ал халық алдында бір рет есеп беру міндеті заң жүзінде бекітілген. Учаскелік инспекторлар да енді халыққа жақын бола түседі. Олар жылына төрт рет өздері қызмет ететін әкімшілік учаскенің халқы алдында есеп береді", - деп хабарлады Астана ІІД ӘПБ өкілі.
Барлық деңгейдегі әкімдер жергілікті полиция қызметінің алдына жергілікті жерде маңызы бар құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету міндеттерін қояды, олардың орындалуын бақылайды, жылына кемінде екі рет жергілікті полиция қызметі басшысының тиісті есептерін тыңдайды.
Айта кетейік, "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті полиция қызметінің жұмысы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының заңына Нұрсұлтан Назарбаев биыл 12 қарашада қол қойды.