"Астана" медициналық университетінен шығарылған студенттер оқиғаның қалай болғанын айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Астана" медициналық университетінен шығарылған студенттер оқиғаның қалай болғанын айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Біз екі жыл бұрын оқуға түскен едік. Емтиханды өзіміз тапсырдық. Университетте IELTS тапсырғандарға басымдық беріледі. Осыдан кейін біз алаяқтарға тап болдық. Сертификаттың жалған екенін біз білмедік. Тіркелмеген сертификаттардың тізімінде өз аты-жөнімізді көргенде таңғалдық. Университет біздің істі ІІД-ге тапсырды. Бізді 18 сәуірде кешкі уақытта оқудан шығарды. Бұл күні біз кешенді мемлекеттік емтихан тапсырған едік. Бізге диссертацияны қорғау ғана қалған. Сот пен тергеусіз шығарып жіберді", - деді екінші курс магистратурасында оқыған Алена есімді студент.
Оның айтуынша, өзі де, құрбылары да университетке оқуға екінші рет тапсырып бірақ өткен. 2015 жылы олардың IELTS сертификаты болмаған, сондықтан грантқа іліге алмаған.
"Біз IELTS сертификатын бір әйелден алдық, ол бізге өзі хабарласты. Біз оқуға барып жүрдік, кейін емтихан тапсырып, сертификат алдық", - деп түсіндірді Алена.
Аленаның аты-жөнін атағысы келмеген құрбысы IELTS тапсыру алдында әйелдің барлық құжатын тексергенін және ешқандай да күмән болмағанын айтып отыр. Студенттер күзде полицияға шақыртылған.
"Сол кезде бізде "қорғануға құқығы бар тергеуші" статусымыз болды. Қыркүйекте ме, қазанда ма бізден жауап алынды. ІІД-ге әйелдің суретін тануға бардық. Сертификат берген әйелді таныдық. Басқа ештеңе білмейміз. Тергеушіге бірнеше рет хабарласып көрдім, бірақ сөндірулі", - дейді Алена.
Университет өкілдері оқуға тек сот арқылы ғана қайта қабылдануға болатынын айтыпты. ЖОО басшылығы, студенттердің айтуынша, олардың ағылшын тілі бойынша кешенді тест тапсыруына келісім беріп отыр екен.
Осыған дейін "Астана" университетіне түсу үшін IELTS сертификатын "сатып алған" студенттердің оқудан шығарылғаны хабарланған еді. Білім және ғылым министрлігі жүргізген тексерістердің нәтижесінде базада тіркелмеген 117 сертификаттың бар екені анықталған.
Жалған сертификат сатып алған студенттің бәрі оқудан күзде шығарылуы тиіс болған. Бірақ соттың бұл шешімі уақтылы орындалмаған. Мұндай жағдайда медицина мамандарын даярлайтын оқу ордасы лицензиясынан айырылуы да мүмкін.
Кейін Қазақстанның білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев "Астана" медициналық университетінде шыққан шуға қатысты пікір білдірген еді.
"Былтыр білім сапасын бақылайтын комитетіміз осы университетті тексерген болатын. Олар осы студенттерді сабақтан босату туралы бұйрық берді. Дегенмен бұл бұйрықтағы кейбір талаптар ғана орындалды. Студенттердің бір бөлігі сотқа шағымданды, өздерінің құқықтарын қорғап жатыр. Бірақ бұйрық қандай жағдай болсын орындалуы тиіс. Университеттің оларды оқудан шығарғаны дұрыс. Енді біз Денсаулық сақтау министрлігімен және университетпен біріге отырып, келісу комиссиясын ұйымдастырып, әрі қарай студенттердің және университет өкілдерінің құқықтарына қатысты мәселелерді қарастыруымыз керек", - деген еді Сағадиев журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып.