Осыдан жарты жыл бұрын Астанада қазақстандықтарды бей-жай қалдырмаған қайғылы оқиға болды. Батыл өртсөндіруші Асқар Забикулин өрттен үш адамды алып шықты. Алайда өзін күйік шалып, ауруханада жан тапсырды. Асқар Забикулиннің әйелі Әнел батырдың отбасы қазір қалай өмір сүріп жатқанын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.
Осыдан жарты жыл бұрын Астанада қазақстандықтарды бей-жай қалдырмаған қайғылы оқиға болды. Батыл өртсөндіруші Асқар Забикулин өрттен үш адамды алып шықты. Алайда өзін күйік шалып, ауруханада жан тапсырды. Асқар Забикулиннің әйелі Әнел батырдың отбасы қазір қалай өмір сүріп жатқанын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.
16 қарашада елордада көпқабатты пәтерден өрт шықты. Оқиға орнына жедел жеткен өртсөндірушілер дереу қызыл жалынды ауыздықтауға кірісті. Кенет отқа оранған пәтерде 3 адамның қалғаны туралы хабар түсті. Сол сәтте Асқар Забикуллин басын бәйгеге тігіп, тілсіз жаудың тұзағында қалғандарды аман алып шықты. Осы ауысымнан кейін ол асыға күткен еңбек демалысына шығуы керек еді. Бірақ бұл оның соңғы жұмыс күні болды.
Асқардың артында қос қызы қалды. Қазір олар балабақшаға барады. Әкесінің батыр екенін біледі, сезеді. Онымен мақтанады.
"Үлкен қызым 5 ай бойы білген жоқ. Жақында оған айттым. Әрине, оған да ауыр соқққы болды. 5 ай бойы әкесі жұмыста деген үмітпен өмір сүрді. Ол менен "әкем қайда деп" күнде сұрайтын, мен әрең шыдайтынмын. Қызым әкесімен мақтанады. Қай жаққа барсақ та, қонақта да, дүкенде де әркімге барып, "сен менің әкемді білесің бе" деп мақтанады", - деді Асқар Забикулиннің жары Әнел Забикулина.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Қазір Әнел 2 баласымен батырға берілген 3 бөлмелі пәтерде тұрады. Асқар қоныс тойын отбасымен бірге тойлауды армандаған еді. Төсбелгі алып, қызметтің шыңына шығуды да қалаған. Өкінішке қарай, жеткен жетістігін көзі тірісінде өзі көре алмай кетті.
"Арманымыз көп болды. Өзіміздің үйімізді армандайтынбыз. Кіші қызымыз қашан балабақшаға барады деп ойлайтынбыз. Ұл армандайтын, хоккейге беремін, өзім сияқты хоккейші болады дейтін", - деді Асқар Забикулиннің жары Әнел Забикулина.
№6 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі енді Асқар Забикулиннің атымен аталады. Мұнда ол бастықтың орынбасары қызметін атқарып, құтқарушылардың дайындығына жауап берді. Әріптестерінің айтуынша, Асқар жанкешті болды. Басшылық қызметіне қарамастан үнемі қызыл жалынның ішіне өзі кіріп, адамдарды мүмкіндігінше жылдам құтқаруға асығатын. Сол үшін өмірін бірнеше рет қатерге де тікті.
"Асқар бауырымыз - өз ісіне адал, адамгершілігі мол, өз қызметін жақсы білетін адам. Ондай жағдай көп болған. Өйткені өрт күнделікті болады. Қанша адамды құтқарған, еңбегін сіңірген жігіт", - деді Забикулин атындағы өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары Әділхан Талдыбаев.
Асқар Забикулин атындағы өрт сөндіру бөлімі елдегі ең үздік бөлім атағын жеңіп алды. Мұнда 120 маман жұмыс істейді. Олар былтыр тілсіз жаудың тұзағынан 8 адамды құтқарды. Бұл - ТМД аумағындағы өртсөндірушінің есімі берілген жалғыз бөлім. Сондықтан мұндағы әр маман Асқардың атына дақ түсірмей, батыл һәм ержүрек болу керегін жақсы түсінеді.
Еске салайық, 16 қарашада елордалық өртсөндірушілер Астанада өртеніп жатқан пәтерден бес адамды аман алып қалған болатын. Кейін адамдарды құтқарған өртсөндірушілердің аяқ-қолдары мен бетін күйік шалғаны анықталды. Денесінің 80 пайызын күйік шалған Асқар Забикулин көп ұзамай ауруханада жан тапсырды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!