City Transportation Systems (CTS) көлік компаниясы Астанадағы жылжымайтын мүліктер, соның ішінде жер учаскелерін, ғимараттарды және аяқталмаған құрылыстарды аукционға қойды. Түскен қаражат жеңіл рельсті көлік (LRT) құрылысын аяқтауға жұмсалатыны айтылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Аукцион осы айда өтеді. Нысандар тізімін e-qazyna.kz сайтынан көруге болады, онда CTS иелігіндегі әртүрлі активтердің ондаған лоты жарияланған.
Мысалы, 9 қыркүйекте Нұра ауданындағы жер телімі бойынша аукцион өткізу жоспарланған. Бастапқы баға – 337 710 279 теңге.
Скриншот: e-auction.e-qazyna.kz/p/ru/auctions
Айта кетейік, аукционға Нұра, Сарыарқа және Есіл аудандарындағы жер телімдері қойылған, олар бастапқы бағасы мен аумағы бойынша әртүрлі.
Сол күні, 9 қыркүйекте Бөкейхан көшесінде орналасқан аяқталмаған тұрғын үй кешені Birlik House бойынша да аукцион өтуі тиіс. Нысанның бастапқы бағасы – 3,28 миллиард теңге. Бұл ретте сауда бағаны көтеру арқылы жүргізіледі.
Скриншот: e-auction.e-qazyna.kz/p/ru/auctions
Кейбір лоттар бойынша сауда 3-4 қыркүйекке белгіленген. Олардың ішінде Есіл ауданындағы бастапқы бағасы 17 187 222 теңге болатын нысан бар.
Скриншот: e-auction.e-qazyna.kz/p/ru/auctions
CTS-та бұл нысандардың компания меншігіне қалай өткені түсіндірілді.
"Азаматтық кодекстің 341-бабына сәйкес, City Transportation Systems ЖШС-не міндеттемелерді орындауды қамтамасыз ететін талап ету құқықтары берілді. Талап ету құқықтарын беру арқылы берешекті өндіріп алу аясында серіктестік қарызды өтеу үшін мүлікті қабылдады, ол саудаға шығарылды", – делінген Tengrinews.kz редакциясының ресми сауалына берген компания жауабында.
CTS мәліметінше, егер нысандарды жүзеге асыру мүмкін болмаса, оларды қайтадан аукционға шығарады.
Бұған дейін 2025 жылы Ұлттық қордан нысаналы трансферт қаражаты есебінен республикалық бюджетте LRT жобасын іске асыруға 332,4 миллиард теңге қарастырылғаны хабарланған болатын. CTS компаниясы лоттарды сатудан түскен қаражат жобаны қосымша қаржыландыруды қамтамасыз ететінін, бірақ сауда есебіне толығымен тәуелді емес екенін атап өтті.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!