Астанада пәтер тонаушылар тобы ұсталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі елордалық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Астанада пәтер тонаушылар тобы ұсталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі елордалық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Елордалық полицейлер қылмыспен күресу кезінде пәтер тонаушылар тобын қолға түсірді. Ұсталғандардың біреуінің бұған дейін осыған ұқсас қылмысқа барғаны үшін кепіл түрінде шара қолдану арқылы босатылғаны белгілі болды.
Астана ІІД "Алматы" аудандық ІІБ қызметкерлерінің мәліметінше, үш ер адам жекеменшік үйден шыға бергенде ұсталған. Полицейлер олардан алтыннан жасалған әшекейлер, теріден тігілеген бұйымдар және қолма-қол ақша тәркіледі. Ұрланған заттар бір жарым миллион теңгеге бағаланды.
"Ұсталғандардың пәтер тонау қылмысына бірнеше рет барғандары белгілі болды. Олардың біріне қатысты бұған дейін пәтер тонағаны үшін ақшалай келіп түрінде босату шарасы қолданылған, дегенмен ол өзіне қолданылған шараны қайта бұзып, тағы да осындай қылмысқа барды", - деп хабарлады елорда ІІД.
Ұсталған үш адам Ақмола облысының тұрғындары болып шықты. Бұған дейін олар түрлі қылмысқа барғандары үшін жауапкершілікке тартылған. Ұсталған күні үшеуінің жекеменшік үйлерде екі бірдей тонау әрекетіне барып үлгергені анықталды.
Қылмыскерлер бір жоспарға сәйкес әрекет еткен: пластиктен жасалған терезенің жақтауын алып, ғимаратқа кірген. Қазір ұсталғандар елордада бес бірдей қылмысқа барғандарын айтып, кінәларын мойындады. Полиция олардың басқа да қылмыстарға қатысын анықтап жатыр.