Бүгін Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков Smart Astana тұжырымдамасы аясында жаңа жобаларды іске қосты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгін Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков Smart Astana тұжырымдамасы аясында жаңа жобаларды іске қосты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қала басшысы "Smart емхана", "Smart мектеп", "Smart көшелерді жарықтандыру", "Smart payments" жобаларымен, сондай-ақ, қалалық әкімдіктің интеллектуалды байланыс орталығының жұмысымен танысты.
Атап айтқанда, №4 қалалық емханада "Smart емхана" жобасы тәжірибеде пайдалануға берілді. Смарт-сервис аясында дәрігерге онлайн жазылу жүйесі, терминал арқылы емханаға қабылдауға жазылу, сондай-ақ, дәрігерлер мен тіркеу қызметінің автоматтандырылған жұмыс орындарын іске қосу қарастырылған. "Smart мектеп" жобасы №3 және №15 мектептер негізінде жүзеге асырылуда. Сол арқылы "е-Асхана", "e-кітапхана", бейнебақылау жүйесі енгізіледі.
Әкім, сондай-ақ, smart.astana.kz порталында коммуналдық төлемдер жасаудың жаңа механизмін қамтамасыз ететін "Smart payments" жобасымен танысты. Бұл жоба бір уақытта су, газ, коммуналдық қалдықтарды шығару, электр қуаты, телекоммуникациялар үшін төлемдерді қабылдайды.
Тағы бір "ақылды" жоба - "Smart көшелерді жарықтандыру" - Астана қаласы "Есіл" ауданының Еңбекшілер көшесінде жүзеге асырылды.
Жоба аясында ескі LED шамдарын жаңаларына ауыстыру, сол арқылы көшелерді жарықтандыруды, көше шамдарын бақылауды жетілдіру көзделіп отыр. Одан өзге, бұл көшені жарықтандыруды автоматтандырудың тағы бір жүйесі болып табылады. Қала басшысы өз кезегінде әкімдік қызметінің сапасын арттыруға бағытталған қала әкімдігінің интеллектуалды байланыс орталығының жұмысымен де танысты. Жақсыбеков барлық жобаларды ресми түрде іске қосты.
Еске сала кетейік, "Smart Astana" жобасын жүзеге асыру аясында «Астана Innovations» АҚ Астананы әлемнің 50 «ақылды» қаласының қатарына енгізу үшін бірқатар смарт-жобаларды қолданысқа енгізіп жатыр. Барлық жобалар инвесторлар тарту арқылы, бюджеттік қаржысыз жүзеге асырылуда.
Әділбек Жақсыбеков аталған жобалардың елордалықтар үшін маңыздылығын ескере отырып, олардың күнделікті өмірде жан-жақты пайдалануға енгізу қажеттілігін айтты.