Астанада су басуы ықтимал 23 аумақ анықталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. Бұл аумақтар аудан әкімдіктерімен бірлесе жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде белгілі болды, қазір олар қосымша тексеріліп жатыр.
Астанада су басуы ықтимал 23 аумақ анықталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. Бұл аумақтар аудан әкімдіктерімен бірлесе жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде белгілі болды, қазір олар қосымша тексеріліп жатыр.
Әкімдіктің мәліметінше, су басу қаупі "Алматы" ауданында аса жоғары, онда 13 аумақ анықталған: Оңтүстік-Шығыс ықшамауданы, "Қазқалашық", ескі базар және ЖЭО-2 аумағы, Промышленный, Железнодорожный, Интернациональный тұрғын алаптары, "Қазақстан" дүкені аумағындағы жеке сектор және тағы да басқа.
"Астанада су тасқынына қарсы іс-шаралар бойынша комиссия құрылды. Елордада қаңтарда басталған су тасқынына қарсы іс-шаралар көктемнің алғашқы айы келісімен күшейе түсті. Төтенше жағдайлардың алдын алу үшін бүгінде әр түрлі ведомство қызметтері, басқармалар және шаруашылық нысандары өзара тығыз байланыс орнатты. Қалада қар тазалау жұмыстары екі ауысыммен жүргізіледі. Наурыз айында билік су тасқынының алдын алу шараларын күшейтеді, соның ішінде, нөсерлі коллекторларды, су жүргізу каналдарын, құбырлар мен арықтарды тазалауға, жылжымалы су сорғыштар мен гидротехникалық құрылыстарды дайындауға байланысты жұмыстар қолға алынады", - делінген хабарламада.
Астана қалалық коммуналдық шаруашылық басқармасының қызметкері Жасұлан Байжановтың айтуынша, наурыздың екінші онкүндігінде Есіл өзенінің арнасы мен салаларындағы мұздың жағдайын, қар жамылғысының қалыңдығы мен басқа да еріген сулардың ағуына кедергі келтіретін жағдайларды зерттеу үшін тексеру жүргізу жоспарланып отыр.
Бұл шаралар "Қазгидромет" РМК, Есіл бассейні инспекциясы және салалық ведомстволармен бірігіп жүзеге асырылады. Сонымен қатар, гидрологиялық бақылау бекеттерінде Есіл өзенінің арнасындағы су тасқынын қадағалау мақсатында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылады.
Айта кетейік, 2014 жылдың 27 қазанынан бастап қысқы кезеңде полигонға 2 828 387 текше метрден астам қар шығарылды. Сонымен қатар, 2015 жылы "Астана Тазалық" ЖШС су тасқынына қарсы іс-шаралар бойынша 3 ауданда комиссия құрып, тәулік бойы кезекшілік ету үшін орын бөлді.