Бүгін Астананы дамыту жөніндегі кеңесте Президент Нұрсұлтан Назарбаев елорда аумағында бос жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып алу кезінде оны қолдан-қолға көшіру әрекетіне тыйым салуды тапсырды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Президент жерді алып қою жөніндегі ескерту хат келгеннен кейін оны сату немесе басқа біреуге сыйға беру әрекеттеріне заңды түрде тыйым салу қажет деп санайды. "Әйтпесе, ескерту қағазын алған бойда олар жер телімін туған-туысқандардың атына рәсімдей салады да, болды. Сөйтіп, жазадан оп-оңай құтыла салады. Бұл жерде бірлесіп жұмыс істеген жөн. Ондай әрекеттердің жолын кесу керек. Осылайша 2 мың гектарды құрайтын 142 жер телімі қайта рәсімделіп кетті", - дейді Н.Назарбаев.
Осы орайда Мемлекет басшысы елорда аумағында бос жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып алу жұмысын жалғастыруды тапсырды. "Мәселен, "Ажар" сауда орталығының артындағы жердің бос жатқанына бес жыл болды. Бүгінде ондай жерлер күл-қоқыс алаңдарына айналып барады. Қаланың шетінде емес, дәл орталығында. Бұл масқара ғой! Ол жерлерді инвесторларға беру керек. Олар қуана-қуана алып, құрылыс жұмыстарын бастайтын болады", - деп атап көрсетті Президент.