Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбековтің басшылығымен өткен кезекті аппараттық жиында демалыс күндері толассыз жауған нөсер салдарын жою мәселелері талқыланды, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі елорда әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, жауын-шашын салдарынан 16-17 мамыр күндері елорданың 12 учаскесін су басып, көлік қозғалысы шектелді.
"Қазгидромет" кәсіпорнының мәліметі бойынша, жауын-шашынның айлық мөлшері 34 миллиметр болса, сол күні бір тәулік ішінде 38,5 миллиметр жауын-шашын жауған. Синоптиктердің хабарлауынша, елордада алдағы күндері де көшпелі бұлт болып, жаңбыр жауады.
"Демалыс күндері жауған жауын-шашынға қатысты айтатын болсақ, жауған жаңбырдың мөлшері қалыпты мөлшерден асып кетті және синоптиктердің болжамынша, мұндай жағдай алдағы уақытта да қайталануы мүмкін. Сондықтан, бұл күндері барлық техниканы жұмылдырып, күнделікті кезекшілік ұйымдастыру қажет. Су соруға арналған құрылғылар су басу қаупі бар жерлерде орнатылуы керек", - деді әкім.
Әкімнің баспасөз қызметінің мәліметінше, қаланың коммуналдық қызметтері күшейтілген режимде жұмыс атқарып жатыр. Астанада демалыс күндері 10 мың текше метр жаңбыр суы сорылды.