Астананың 20 жылдығын мерекелеу Open Air концертімен ашылады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Астана қаласының Мәдениет және спорт басқармасына сілтеме жасап.
Астананың 20 жылдығын мерекелеу Open Air концертімен ашылады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Астана қаласының Мәдениет және спорт басқармасына сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, 29 мамырда ашық аспан астында "Ұлы дала бірлігі" атты үлкен шоу концерт өтеді. Open Air концерті Қазақстанның бас қаласының 20 жылдығын мерекелеу аясында өтетін бірінші шара. Концерт елорда әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылады.
Мерекелік концерт барысында әндері музыкалық рейтингтерде көш бастаған 30-дан аса танымал қазақстандық және ресейлік артистер өнер көрсетеді. Шоу "Қазақ Елі" монументінің алдында сағат 17:00-де басталады және 23:00-ге дейін жалғасады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, елорда тұрғындары мен қонақтары алты сағатқа созылатын концертте жанды дауыспен орындалған әндерді тыңдап, таңқалдырарлық арнайы эффектілерді көре алады.
"Open Air концертінде Айқын, Мәдина Сәдуақасова, Тамара Асар, Ninety One, Ринат Мальцагов, Әлішер Кәрімов, Маржан Арапбаева, Бейбіт Кушкалиев, Артур мен Райм, Мөлдір Әуелбекова, Ерке Есмахан, Нуржан Керменбаев, Жұлдыз, Дархан Жүз, Кәмшат Жолдыбаева, Қайрат Нұртас, Ringo тобы, "Алашұлы" және "Муз Арт Life" сынды қазақстандық эстрада жұлдыздары өз өнерлерін ортаға салады. Бұдан басқа, ресейлік артистер – Дима Билан, Сергей Лазарев, Джиган, Тимур Родригез, Юлиана Караулова, Анна Седокова, Анна Семенович, Макс Барских, Натан, Миша Марвин, Елена Темникова, Artik & Asti және "Градусы" тобы Астананы туған күнімен құттықтайды», - делінген Астана қаласының мәдениет және спорт басқармасының @madeniet_sport.astana инстаграмм аккаунтында жарияланған хабарламада.
Кеш жүргізушілері - Азамат пен Антон, Айнұр Ільясова және Азат Әбікен.
Шараға келе алмаған жандар оны "7 арна" телеарнасынан тікелей эфирде тамашалай алады.
Астанада Open Air концертін өткізу игі дәстүрге айналған. Аталмыш шара 4 жылдан бері Елорда күні қарсаңында өткізіліп келеді. Өткен жылы танымал орындаушылар концерті 1 маусымда ұйымдастырылып, "Қазақ елі" монументінің алдындағы алаңға 50 000 аса адам жиналған болатын.