Астанада жол-көлік оқиғасы салдарынан бір адам қаза тапты. Ақпаратты елордалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі растады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Редакцияның WhatsApp нөміріне оқиға орнында түсірілген видео келді. Кадрларда көлік көше бойындағы шамының тірегіне соғылғаны, бағана жерге құлап, көлік қатты зақымданғаны көрінеді.
Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәліметінше, Chery Tiggo маркалы автокөлік жүргізушісі Керей, Жәнібек хандар көшесімен келе жатып, Қабанбай батыр даңғылымен қиылыста рульге ие бола алмай, жол бойындағы бағанаға соғылған.
"Соққының әсерінен көлік аударылып кеткен. Жүргізуші алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды", – делінген хабарламада.
Жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тексеру жүргізіліп жатқаны айтылды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!