Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев қазақстандықтарды тұрақтылықты қастерлеуге және Нұрсұлтан Назарбаевты сақтауға шақырды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордадан.
Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев қазақстандықтарды тұрақтылықты қастерлеуге және Нұрсұлтан Назарбаевты сақтауға шақырды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордадан.
"Бізде мынадай мәтел бар: "Қолда барда алтынның қадірі жоқ". Өз ортамда айтып жүремін, мен Назарбаевтың біздің елде тұңғыш президент болмағанына үнемі өкініш білдіремін. Сіздер өз Президенттеріңізді құрметтеңіздер, қадірлеңіздер, өйткені Қырғызстанда біздің екі төңкерісті бастан өткергенімізді білесіздер, Құдайға шүкір, біз ол жағдайдан шыға білдік. Бірақ егер араб елдеріне қарасаңыздар шамамен 10 елде төңкерістер болды, тек біреуі ғана ілдебайлап жағдайдан шығуға тырысып келеді, ал кейбірі Ливия сияқты бөлшектеніп барады. Қазақстан қол жеткізген тұрақтылықты қадірлеңіздер, гүлденуді бағалаңыздар", - деді Атамбаев Ақордадағы келіссөздерден кейін ақпарат құралдарына арналған брифингте.
Айта кетейік, Қырғызстан президентінің бүгінгі сөзінің бәрі Қазақстан Президентіне деген алғысқа толы болды. Ол ең алдымен Қырғызстанға энергетикалық дағдарысты еңсеруге көмек берілгені үшін алғыс айтты. Қазақстан биыл 400 миллион киловатт-сағат және келер жылы 1,4 миллиард киловатт-сағат электр қуатын жеткізіп береді.
"Біз шағын ортада әңгімелескен кезде Нұрсұлтан Әбішұлы менің бірнәрсе сұрағанымды немесе өтінгенімді қаламаған болуы керек. Ол барлық мәселені өзі көтеріп, өзі шешті. Бұл, әрине, толқытады, әсіресе, саясатта, сіздерге шынымды айтайын. Саясатта адамдар үнемі біреуден бірнәрсені саудалап алуға тырысып жатады. (...) Ағай, біздің шын мәніндегі ағайымыз, бұл мәселелерді өзі көтеріп, өзі шешті", - деді Атамбаев.
Ол тағы бір мысал келтірді. "Біз Еуразиялық экономикалық одаққа еніп жатырмыз. Әрине, Қазақстанда артық ақша жоқ. Бірақ Қазақстан Қырғызстанды қолдауға 100 миллион доллар бөліп отыр - бауырлас елден, бауырдан басқа кім мұндайды жасайды?", - деді толқыған Атамбаев, ол өзі үшін бүгін мереке екенін ағынан жарыла айтты.