Ақмола облысында тасқыннан зардап шеккен атсабарлықтарға көмек ретінде 21 млн 600 мың теңге жиналды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі өңірдің ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.
Ақмола облысында тасқыннан зардап шеккен атсабарлықтарға көмек ретінде 21 млн 600 мың теңге жиналды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі өңірдің ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.
"Мемлекеттік қызметкерлер мен ведомстволарға қарасты ұйым жұмысшылары бір күндік жалақысын аударды. Қайырымдылық қорына бүгінде 21 млн 600 мың теңге аударылды", - делінген хабарламада.
Атбасар аудандық төтенше жағдайлар бөлімі тізім жасап, 25 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі біржолғы жәрдемақы алуға өтініш бере бастады. "Бірінші кезекте жәрдемақыны баспанасы құлайын деп тұр деп танылған тұрғындар алады. Бүгінде 72 тұрғынға 3,5 млн теңге көлемінде көмек көрсетілді. Қалған үйлерді тексеру аяқталғаннан кейін басқа тұрғындар жәрдемақымен қамтамасыз етіледі. Атбасар орталық аудандық ауруханасының мәліметінше, су басқан аудандардағы ахуал тұрақты. 17 сәуірдегі мәлімет бойынша 15 септиктен су сорылған, көшелерді тазалау жалғасып жатыр, 34 мекенжайға шлак әкелінді. Өкілетті органдар ауызсудың сапасын бақылап жатыр. Бүгінде 93 адам жалға берілетін баспаналарға көшірілген", - делінген хабарламада.
Зардап шеккендерге "Есіл" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы да көмек көрсеткен - жалпы сомасы 847 440 теңгеге ең қажетті азық-түлік алынған. Қала кәсіпкерлері 1 700 000 теңге болатын көмек көрсетті, кәсіпорын басшылары 21 техника мен жарты миллион теңгеден астам қаржыға азық-түлік жеткізіп берген.
Еске салайық, Атбасар қаласында 330 үйді еріген қар суы басқан болатын. 256 тұрғын орта мектеп ғимараттарына көшірілді. Су басқан аудандарда бақылау тұрақтары орналастырылды. Қалада Ақмола мен Қарағанды облыстарынан және Астана қаласынан келген әскерилер, құтқарушылар мен дәрігерлер жұмыс істеп жатыр.